Туризм түлеуі тиіс – Берік Әбдіғалиұлы
Жезқазған қаласының орталығында заманауи үлгідегі жаңа қонақүй қолданысқа берілді. Инвестициялық жоба – «Ұлытау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қаржылай қолдауымен жүзеге асты.
Айта кету керек, «Хан ордасы» қонақ үйі – облыста 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобалардың алғашқысы.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан Берік Әбдіғалиұлы Жезқазғанда биыл тағы бір заманауи мейманхана ашылу жоспарда тұрғанын жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, биыл Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл. Оған қоса, Президент тапсырмасына орай Жошы ордасының 800 жылдығы аясында ауқымды зерттеулер қолға алынбақ. Сәйкесінше, осы жылы біздің өңірге келетін қонақ саны жылдағыдан да көп болады деп күтіліп отыр. Сол себепті де осындай нысандардың маңызы жоғары.
Осы жылы Ұлытау облысында ішінде мейрамханасы қарастырылған, заманауи бағыттағы 30 жатын орындық тағы бір қонақүй кешені қолданысқа беріледі» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
20 жатын орны бар «Хан ордасы» мейманханасы – өзінің мейрамханасымен, конференц залымен жабдықталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары қонақүй иесі «Молдашов» жеке кәсіпкерлігі тарапынан жүргізілді.