Талап-тілек тыңдалып, жоспарлар талқыланды
Ұлытау облысының әкімі Жезқазған қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде қаладағы өзекті мәселелер мен алда атқарылатын жұмыстар баян етілді. Өңір басшысы алдымен облыс орталығының басты проблемасы – жылу жеткіліксіздігі мен ауыз су сапасының төмендігі екенін атап, аталған мәселелерді шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстарды жеткізді.
Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы кәріз жүйелерінің толықтай тозуы салдарынан инфрақұрылымның дамуы тұралап тұрғанын, оны тұтастай жаңартуда «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен жоба дайындалып жатқанын мәлім етті.
Сонымен қатар кездесу барысында қалаға жаңа перзентхана салу үшін арнайы жер бекітілгені, жеке онкологиялық орталық салу үшін жоба дайындалатыны айтылды.
Жиында Жезқазған қаласының әкімі жүзеге асырылып жатқан жобалармен қатар келесі жылы қолға алынатын жұмыстарды жеткізді. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың тамыз айында «Қазхимсинтез» ЖШС «Өнеркәсіптік реагент-ксантогенат шығару жөніндегі химия зауыты» жобасын пайдалануға беру жоспарланған. «Ulytau Industrial Compani» ЖШС «Жеке қорғаныс құралдарын өндіру» жобасы іске асыру сатысында тұр, пайдалануға сәуір айында берілу күтілуде.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында «Ахтямов» Ш/Қ «Құс етін өндіру» жобасы іске асырылуда. Пайдаланға беру мерзімі 2024 жылдың шілде айы.
Қаланы абаттандыру бағдарламасы шеңберінде келесі жылы 54 аялдама павильонын, 50 балалар ойын алаңын орнату және 41 көп пәтерлі тұрғын үйлер қасбеттерін күрделі жөндеу жоспарланған.
Сонымен қатар, Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумы аясында қаланың жағалау бөлігін абаттандыру жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталады.
Білім беру саласында келесі жылы Жезқазғанда 2 жайлы мектеп берілетіні мәлім болды. Сондай-ақ 2024 жылы шаһарда 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, облыстық бюджет қаражаты есебінен Кеңгір ауылында жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеу басталады.
Кездесуде келесі жылы Жылу электр орталығындағы екі қазандықтың күрделі жөндеуден өтетіні де айтылды.
Жиында тұрғындар «ашық микрофон» арқылы толғандырған сауалдарын жолдады. Кездесуден кейін Берік Әбдіғалиұлы жезқазғандықтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысының қабылдауына бес адам жазылды.