Жылу жүйесі – әкім назарында

Ұлытау облысының әкімі Жезқазған жылу электр орталығының жайын бақылады. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта қалада төрт қазандық жұмыс істеп тұр. Үшеуі іске қосылған, ал біреуі ауа райының күрт суыту жағдайына дайындық ретінде резервте.

Кеше, яғни, 19 желтоқсанда екі қазандықтан ақау анықталып, шұғыл жөндеу жұмыстарына қойылған болатын. Қазіргі уақытта оның біреуі жөнделді, тағы біреуі кешкі уақытқа дейін қалыпқа келтіріледі. Алтыншысының жөндеу жұмыстары қаңтар айында аяқталады деп күтілуде. Жөндеу жұмыстарының кестеге сай жүргізілмеуі — маман тапшылығының орын алуымен түсіндірілді.

«Электр орталығына жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен жылу жеткіліксіздігі байқалып жатыр. Осы қыс мезгіліне бас аяғы 6 қазандықпен дайын болуларыңыз қажет еді, жөндеу жұмыстарын кестеден кешіктірдіңіздер, салдары тұрғындарға тиюде. Қаңтар айынан қалмай алтыншы қазандық іске қосылсын» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар облыс басшысына қазіргі уақытта 250 мың тонна көмір, 2500 тонна мазут қоры бар екені айтылды.

Жезқазған жылу электр орталығына арнайы барған Берік Әбдіғалиұлы жетінші қазандықтың жұмысын келесі жылу маусымы басталғанға дейін іске қосу міндетін жүктеді.