ПЫШАҚСЫЗ ОТА МӘМС АЯСЫНДА ЖАСАЛДЫ
Медициналық сақтандыруға айына 3500, жылына 42500 теңге төлеген созылмалы холецистит диагнозы бар Татьяна Калинина құны 500 мың теңге тұратын отаны тегін жасатты.
Денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарайтын пациентті үш жылдан бері өті мазалаған. Дәрігердің бақылауында болып, ем-дом алғанына қарамастан, соңғы өткен ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде өтке тас толғаны анықталды. Көбінесе дұрыс тамақтанбаудан туындайтын аурудан айығудың жалғыз жолы ота екенін естіген Татьяна Борисовна ұзақ ойланбады. Анализдер тізбесін тапсырып, отбасылық дәрігермен бірге қажетті құжаттарды жинастырды. Небәрі үш күннің ішінде порталдағы кезегі жеткен науқасқа облыстық көпбейінді аурухана хирургтары көмекке келді.
–Өтке жасалатын ота – хирургиядағы күрделі отаның бірі. Себебі өт бауырмен байланысты болғандықтан потологиясы өте қауіпті. Біз отаны лапароскопиялық әдіспен жасаймыз. Яғни, науқастың денесін тілмейміз. Ота 3 тесік жасау арқылы жүзеге асады. Тасқа толған өт қабын алып тастауға шамамен жарты сағат жұмсаймыз, – деген Нұртілек Құлымжанов аурудан сақтану үшін тамақты аз-аздан, тәулігіне 5-6 реттен ішуге және рационнан аса майлы тағамдарды шығаруға кеңес береді.
–Мен күні бүгінге дейін бірде-бір рет «МӘМС жарналарын неге төлеймін?» деп ойланып көрмеппін. Ресми жұмыс жасамасам да ай сайын медсақтандыруға қаржы құямын. Ертеңгі күні не болатынын ешқайсымыз болжай алмаймыз. Сақтанғанды, сақтайды деген. Бүгін мен медсақтандырудың тиімділігім тағы бір түсінгендей болдым. Бұл отаны ақылы жасату қажет болса, қалтам көтермейтін еді, – деп ағынан жарылған Татьяна Калинина ақ халаттыларға алғысын білдіруді де ұмытпады.
Айта кету керек жыл басынан МӘМС есебінен 72 науқастың өт жолдарына ота жасалған.
Диана ОРАЗАЛИНА.