Жаңа аллея – жұрт игілігіне
Ұлытау ауданы орталығында «Атаанаға құрмет» аллеясы ашылды. Ашылу салтанатына аудандық мəслихат төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ, облыстық мəдениет, тілдерді дамыту жəне архивтер басқармасының басшысы Əнуар ОМАР, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек ЖАНДАРБЕКОВ, еңбек ардагері Сəрсен БЕКТЕМІСОВ қатысып, аллеяны жасауға өз үлестерін қосқан Байғара ТҰРСЫНБАЕВТЫҢ ұрпақтарына алғыстарын білдіріп, айтулы игі бастаманың жүзеге асуымен құттықтады.
Бұдан кейін аллеяның құрылыс жұмыстарын жасаған əулеттің атынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мəдениет қайраткері Ғайнижамал Байғарақызы сөз сөйлеп, əкесі Байғара мен анасы Рахияның өнегелі өмір жолдарын тілге тиек етті. Əңгіме барысында бұл орынның мəн-мағынасына тоқталып, отбасы құндылықтары негізінде ата-анаға құрмет бағытында жасалған аллея екенін жеткізді. Онысы рас, бұл біріншіден, Байғара балаларының ата-анасына жасаған құрметі болса, екінші жағынан алғанда, жалпы қазақ ата-аналарына тағзым ету орны болмақ.
Елді осындай ұлттық құндылықтары мен өнегеге үндеп тұратын нысанның лентасын тыл ардагері Қаражігіт Əбдірахманов пен Байғара Əбілдəұлының інісі Сейітмағзұм қиды.
Ал, Байғара Тұрсынбаев туралы айтар болсақ, ол 1924 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген, Ұлытаудың тумасы. Көзі тірісінде ауданның дамуына біркісідей еңбегі сіңген адам. Еңбек жолын аудандық сотта сот орындаушы қызметінен бастаған. Одан кейінгі өмір жолы биіктен-биікке өрлеп, аудандық комсомол, партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, аудандық ауыл шаруашылығы жұмысшықызметкерлері кəсіподағы комитетінің төрағасы болып, көп жылдар бойы жемісті еңбек етті. Аудан халқының əлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға өзінің лайықты үлесін қосты.
Бүгінде Байғара Тұрсынбаевтың ұрпақтары рухани баюдың кепілі – өз ауылына көңіл бөлу деп есептейді. Оның айғағы, бұл аллеяның құрылысын Бейсенбек Байғараұлы өз қаражатына салды. Халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөз бар. Бұл – арлы қыз бен намысты ұлға арналып айтылған сөз. Сол сияқты Байғара ұрпақтары туған ауылының түтіні түзу шығуына, тұрмысы бүтін болуына тілекші болып жүрген жандар. Туған жерге деген ыстық ықыласын сөзбен емес, іспен көрсетіп жатқан азаматтар. Жаңа аллеяның салынуы – соның дəлелі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.