ҚАЛА КӨРКІ – ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА
Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласында атқарылып жатқан жөндеу, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалады.
Биыл Жезқазғандағы 48 көппәтерлі үйдің қасбеттерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте үйлердің жарықтарын бітеу, қасбетін тегістеу және бояу көзделген. Алайда Алашахан, Деев, Жеңіс, Ғарышкерлер және Бейбітшілік көшелеріндегі жұмыстар белгіленген кестеден кешігуде. «Астана Премиум Строй» және «Самға» ЖШС тарапынан көппәтерлі үйлерді жаңарту жұмыстары 10 қазанда аяқталатыны айтылды.
Сонымен қатар облыс әкімі Бейбітшілік көшесінің бойында құрылысы жүріп жатқан Денешынықтыру және сауықтыру кешенінің жұмыстарын қарады. Қазіргі уақытта болашақ нысанның іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер ұйым құрылысты қыс мезгілінде де жалғастыратындарын жеткізді.
Аралау барысында 9 орам ішіндегі жолдарды орташа жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Қазір Пугачев көшесінде асфальт төсемді фрезерлеу, борттық тастарды бөлшектеу және монтаждау жұмыстары орындалды. Екі қабатты асфальтбетон жабынының құрылысы күтілуде. Жұмыс 1.10.23 ж.аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар облыс әкімі Жезқазған қаласындағы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қарады. Қазіргі уақытта «Алматыинжстрой» АҚ мердігерлік ұйымы Алашахан даңғылында тротуар плиткаларын демонтаждау, жер жұмыстары және жылумен жабдықтау құбырларын демонтаждау жұмыстарын орындады.