Біздің Виталий
Аялдамада туған күн тойлағанды бұрын-соңды естіген де, көрген де емес едік. Жезді жұртшылығы осындай тосынсый жасады жақында. Кімге дейсіз ғой? Айрықша құрмет иесінің аты-жөні – Виталий Валерьевич Беляков. Ол – Жезді кенті мен Сәтбаев қаласы аралығындағы жолаушылар автобусының шопыры. Қолдарына гүл, шар ұстаған алпыс шақты адамды көргенде Виталий олардың өзін құттықтауға жиналған жандар екенін, әрине, білген жоқ еді.
Автобустың тоқтағаны сол еді, аялдамада тұрғандар қазақ, орыс тілдерінде «Туған күніңмен, Витя!» деп, дабырлап құттықтай жөнелгенде өз көзіне өзі сенбей қалды. Араларында кент әкімдігінің бас маманы Серік Есенғалиев, кенттің қадірменді ақсақалы Тілеген Рахымбеков, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Смағұлов та бар екен. Сол жерде тұрғандардың бәрі құшақтап, бетінен сүйіп, бауырына қысып жатыр. Виталийдің көңілі толқып кетті, не болғанын түсіне де алмады.
Серік Есенғалиев оған кент жұртшылығы атынан Алғысхат және халықтың өз еркімен жинаған қаржылай сыйлығы мен арнайы пісірілген тәтті тортты табыстады. Халқы төбесіне төредей көтерген бұл азамат елге несімен сыйлы болды екен? Былай қарасаң, бар-жоғы автобус жүргізушісі ғана ғой. Бізді осы сұрақ қызықтырды.
Елудің бел ортасына жақындап қалған ол еңбек жолын мектеп бітірген бойда Жезқазған кентіндегі автокөлік кәсіпорнында слесарь болудан бастаған екен. Кейін әскер қатарында азаматтық борышын өтеген соң сол кәсіпорынға қайта оралып, жүргізуші болып орналасыпты.
– 1991 жылдан бері көліктің рулін ұстап келемін. 2017 жылдан бастап «Қожахметов» жеке кәсіпорнына қарасты автобус жүргізушісімін. Соңғы төрт-бес жыл көлемінде Сәтбаев – Жезді аралығындағы жолаушылар автобусындамын, деген Виталий Жезді жұртшылығының өзіне көрсеткен құрметі керемет тосынсый болғанын айтып, таңданысын жасырмады.
Жолаушылар оған қалтқысыз қызметі үшін дән риза көрінеді. Әдетте, қалааралық автобустардың негізгі бір аялдамасы болады. Жолаушылар сол жерге келіп автобусқа отырады, сол жерден түсіп қалады. Ал Виталий жолаушыларды кенттің басты-басты көшелерін аралап жүріп мінгізіп, түсіріп отырады екен. Әсіресе бұл қартаң кісілерге, сондай-ақ қол жүгі ауырлау адамдарға өте ыңғайлы ғой.
Жезді кентінің Қарсақбайға қарай шығаберіс жағындағы Абай, Иманжан, Оң жағалау, Ақмолда, Кеншілер көшелерінің кент орталығындағы №6 мектептің түскі уақытта оқитын балалары мектепке Виталийдің автобусымен тегін қатынайтын көрінеді. Ол жолаушылардың жағдайына қарай қызмет етуді басты міндеті санайды екен.
– Бұл Витя деген нағыз мыңболғыр бала ғой. Кейде үлкен қалаларда қалтасында тиын-тебені болмай қалған баланы да, үлкенді де маршруттан түсіріп кетіп жатқан жағдайларды көріп жатамыз ғой. Мен Витяның балалардан ақша алғанын көрген емеспін. Біздің өзіміз кейде «ақша болмай қалды, пенсияға дейін күте тұрасың ба?» десек болды, ол қабағын шытпайды, «міне беріңіз» дейді. Мұндай азаматтан айналып-ақ кетпейсің бе?, – дейді көпбалалы Бикен апа.
– Бұл кісінің ешқашан дауыс көтергенін, біреумен сөзге келгенін көрген емеспіз. Үнемі риза болып отырамыз. «Сыйға – сый» демекші, оған өз ризашылығымызды қалай жеткізуді ойлап, туған күнінде ерекше құттықтау жасауды жөн санадық. Ұялы телефонда арнайы чат аштық, сол арқылы жиналдық. Естімей, білмей қалған кісілер кейін бізге өкпелеп те жатыр. Витя сондай риза болды. Жақсының жақсылығын дәріптей білуіміз керек. Біз оның басқа жаққа кетіп қалғанын қаламаймыз. Өйткені Виталий секілді адам табылмайды, дейді оның туған күніне тосынсый жасауға бастамашы болған, кент тұрғындарының бірі, мұғалім Әсем Құлажанова.
Виталий – өнегелі отбасының иесі, шаттықты шаңырақтың отағасы. Ол әйелі Анастасия екеуі Виктор, Кирилл және Виолла есімді үш бала тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Қарапайым еңбек адамы билік тарапынан көбіне елене бермейді. Бірақ халық кімнің кім екенін жақсы біледі. Туған күнін ел болып тойлап жатса, бұдан артық мақтау, марапат бола ма? Виталий халық тарапынан сондай ерекше марапатқа бөленді. Елдің ыстық ықыласын сезінді, құрметін көрді.
Абдолла ДАСТАН.
Ұлытау облысы,
Жезді кенті.
https://egemen.kz/article/349577-bizdinh-vitaliy