МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ
Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс VIII сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов тізгінін ұстаған мандат иелерінің басты жиынында бірқатар маңызды мәселелер қарастырылып, оның жұмысына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы байланыста болды.
Алғашқы кезекте күн тәртібіне «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы» мәселе ұсынылып, депутаттар аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбектің хабарламасына құлақ түрді.
Сессия барысында Ұлытау ауданының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына, сондай-ақ, Ұлытау ауданының округтік сайлау комиссияларының құрамына туындаған қажеттіліктерге орай, тиісті өзгерістер енгізілді.
«Ұлытау аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесі бекітілді.
Жоғарыда аталған мәселелер бойынша хабарламаны аудандық мәслихат аппаратының басшысы Мақсат Ерназар жасады.
Бұдан кейін «Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссияны құру және Ережесін бекіту туралы» (хабарламашы – аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек), «Ұлытау аудандық мәслихатының 2010 жылғы 21 сәуірдегі XXI сессиясының «Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жанынан қорғаныш және қамқоршы органның құрамын бекіту туралы» №22 шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімдерінің күшін жою туралы» (хабарламашы – Ұлытау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова) мәселелер қарастырылды.
Сонымен қатар, «Қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша Ұлытау ауданы әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органның комиссиясын құру туралы» шешімге өзгерістер енгізу туралы» және «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құрамын бекіту туралы шешімге өзгерістер енгізу туралы» аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбектің хабарламасы тыңдалды.
Мәслихат депутаттары күн тәртібіне қойылған мәселелерді сындарлы түрде егжей-тегжейлі талқылап, оларға қатысты шешімдер қабылдады.
Сессия түйінінде сөз алған аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ынтымақ – ырысқа, бірлік – берекеге бастайтынын атап өтіп, атқарушы билік пен өкілді органның ортақ мүдделі негіздегі іс-қимылдары өз жемісін бере бастағанына назар аударды. Тиімді қызметтері үшін депутаттар корпусына алғыс айтып, «бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас» шығара отырып әрекет ету үрдісі жалғасын таба береріне сенім білдірді.
Аудандық мәслихаттың
баспасөз қызметі.