КЕҢГІР КЕМЕЛДЕНЕДІ

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Кеңгір ауылына жұмыс сапарымен барды.
Өңір басшысы алдымен құс фабрикасында болып, тауық етін өндіруді қолға алу қажеттігін айтты. Бұл – тұрғындарды өніммен қамтып қана қоймай, аталған орынның мүмкіндігін ұлғайтуға жол ашады.

«Племптицеторг» ЖШС бүгінде асыл тұқымды балапандар шығаратын екі және жұмыртқа өндіретін бір цех жұмыс істейді. Ұлытау облысы халқының жұмыртқаға жылдық сұранысы 60 миллион. Ал аталған құс фабрикасы оның 5%-ын ғана қамтамасыз етуге қауқарлы. Қалғаны сырттан жеткізіледі. Мәселені шешу мақсатында Берік Әбдіғалиұлы инвестициялық жоба жасауды ұсынды.

«Біздің өңірде құс еті мен жұмыртқаға сұраныс жоғары, өнім жеткіліксіз. Халық сырттан жеткізілгенді пайдалануға мәжбүр. Инвестициялық жоба жасалса, біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне сұраныс жіберіп, 5 миллиард теңгеге дейін субсидия алуға мүмкіндік жасар едік. Сәйкесінше фабриканы қалыпқа келтіріп, облысты тұтастай тауық өнімдерімен қамтамасыз етуге болады» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сонымен қатар облыс әкімі құрылысы келесі жылы басталатын бірқатар нысанның орнымен танысты. Олар Ұлы Дала көшесінің бойында орналасатын 320 балаға шақталған балабақша, 210 орындық денешынықтыру және сауықтыру кешені, 25 орындық дәрігерлік амбулатория. Қазіргі уақытта құрылыс түсетін орындарға су желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.