ТІСІН ТЕГІН ЕМДЕТТІ
Қазіргі таңда көпшілікте МӘМС есебінен тіс емдету мүмкін емес деген теріс пікір қалыптасқан. Балалар мен жүкті әйелдерден бөлек стоматологиялық қызметті шұғыл түрде тегін алуға болатынына ауруынан айыққан Испандияр Рахымбеков дәлел. Ас-су ішуі қиындап, жағындағы ауырсынуы құлақ пен басына шапқан зейнеткер «Асия» стоматологиясындағы ақ халаттылардың көмегіне жүгінген.
Пациентке созылмалы периодонтиттің асқынуы диагнозын қойған тіс дәрігері Гаухар Битенова шұғыл түрде қабынуды тоқтатып, тісжегінен әбден құртылған 4 тісті жұлды.
– Адамның жаны — ауырған жерінде. Неше күннен бері мазамды қашырған аурудан бір сәтте жазған дәрігерлерге алғыс айтамын, – дейді қабылдаудан риза күйде шыққан Испандияр Рахымбеков.
Атап өтсек, МӘМС жүйесінде шұғыл стоматологиялық көмек Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, I, II, III топтағы мүгедектерге, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге, инфекциялық және әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарға, мүгедек балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдарға қолжетімді.
Аталған санаттағы азаматтарға анестезия, жақ немесе тіс рентгенографиясы, тісті жұлу, пломбаны препараттау және салу, периостотомия, пульпит, периодонтит, стоматиттің жедел түрлерін, альвеолитті емдеу, абсцесті ашу тегін жасалады. Бұл көмектің бәрі тек шұғыл стоматологиялық көмек барысында көрсетілетінін ұмытпаған жөн.
Тіс адамның ажары ғана емес, денсаулығының да – кепілі. Ендеше, дерт дендеп, шымбайға шындап батқанға дейін жүріп алмай, маманға көрінуді әдетке айналдыру қажет. Ауыз қуысына селқос қарап, ауруды асқындырып, ем-дом іздегенше, тіс күтіміне көңіл бөліп, мұқият тазалап, үнемі назарда ұстаудың бүкіл ағза саулығы үшін әсері зор екенін еске саламыз.
Өз тілшімізден.