Жездіде жаңа үйлер салынбақ

Бүгінде Ұлытау ауданында халықтың əлеуметтік əлеуетін көтеру мақсатында ауқымды жобалар қолға алынып жатыр. Оның игілігін жезділіктер де көруде.

Мәселен, аудан әкімі жуырда Жезді кентінде болғанда орталықта заманауи үлгідегі үйлер салынатынын айтып елді бір қуантты. Бұл уәде қазір іске асырылу алдында.
Яғни, Жезді кентінде коммерциялық бағытта жаңадан 5 үй салынатын болды. Жұмыстар 2023 жылдың тамыз айында басталмақ. Осы мақсатта аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Жезді кентіне жұмыс сапарымен барып, салынатын үй орындарын аралап көрді. Жаңа үйлер кенттегі Тоқтыбаев және Құтымбетов көшелерінде салынбақ.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы жаңадан салынатын үй аумағындағы өсіп тұрған талдарды кеспеуге кеңес берді. Кент әкіміне осыны қатаң ескертіп, басталатын құрылыс жұмыстарын бақылауда ұстауды тапсырды.