Айбынды мереке – Отан қорғаушылар күні атап өтілді

Халықтар достығы мен мәдениет үйінде 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын басында ҚР Мемлекеттік Туы сахна төріне әкелініп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды.

Салтанатты кеште Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы тұрғындарды мерекемен құттықтап, ҚР Қорғаныс министрінің құттықтау хатымен, Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен, Ұлытау облысы әкімінің алғысхатымен Ауған соғысы ардагерлері Кеңесінің төрағасын, Қорғаныс істері жөніндегі департамент, басқарма, бөлім қызметкерлерін, Қарулы күштер ардагерін марапаттады.

Мерекелік жиын Ұлытау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, Ұлытау гарнизонының бастығы Ерен Мейрембековтің құттықтауымен жалғасты. Полковник Ерен Оқасұлы бірқатар әскери қызметкерді, Тәжік-Ауған шекарасы оқиғасының, Чернобыль оқиғасының ардагерлерін, Интернационалист-жауынгерді Ұлытау облысы Қорғаныс істері департаментінің грамотасымен марапаттады.

Жиында Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарына Ұлытау облысынан шақырылған сарбаздарды салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылып, Ұлытау облысы бойынша Қарулы Күштерінің Ардагерлері Кеңесінің төрағасы Райымбеков Марат жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

Отансүйгіштіктің мерекесі концерттік бағдарламамен түйінделді.