Ұлытау облысында әйелдердің халықаралық күніне арналған салтанатты шара өтті
Бүгін Ұлытау облысында 8 наурыз — әйелдердің халықаралық күніне арналған салтанатты шара өтті. Ұлытаулықтар үшін танымал эстрада жұлдыздары мен көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен ерекше концерт ұйымдастырылды. Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы әйелдер қауымын мерекемен құттықтай отырып, олардың қоғамда ерекше орын алатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта атқарушы орган қызметкерлерінің жалпы санының 50% — дан астамын әйелдер құрайды, басшылық лауазымдарды әйелдердің 33% — ы атқарады. Сіздер Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға белсенді қатыса отырып, өңірдің және еліміздің саяси өміріне өз үлестеріңізді қосасыздар. Сіздерге сәттілік пен жеңіс тілеймін! Сонымен қатар, облыста кәсіпкерлікті, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары жалғасуда. Мәселен, былтыр облыс әкімінің 54 грант иегерінің 32 жеңімпазы — қыздар. Сондай-ақ, бізде «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Оған қазірдің өзінде 40 әйел қатысты. Аяулы арулар! Сіздерді келе жатқан мереке — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жаңа өңірдің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз өте зор!» — деп атап өтті аймақ басшысы.
Құттықтау сөзінен соң облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов көпбалалы 11 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табыстады.
Мерекелік кеш жергілікті таланттар мен қазақстандық эстрада жұлдыздары Ерлан Малаев, Нұрлан Әмір, Жағыппар Айбек және Нұрман Арыстанның қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Залда болған барлық әйелдерге гүл тапсыру жағымды тосын сый болғанын атап өткен жөн.