Ұлытау облысы су тасқыны кезеңіне дайындалу үстінде
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы көктемгі су тасқынына арнайы техниканың дайындығын тексерді.Тексеру Жезқазған қаласының өрт сөндіру бөлімінің аумағында («ӨС және АҚЖҚ» РММ 1-МӨСБ) өткізілді.
Ұлытау облысы ТЖ Департаментінің бөлімшелері адамдарды эвакуациялау және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізге қажет жабдықтар мен техникаларды таныстырды. Қазіргі таңда, облыстың ТЖД бөлімшелерінің балансында қалың қар мен батпақта жүруге арналған ТРЭКОЛ-39294, «МАРШ» Нива көлігі, қажетті жүзу құралдары, КУНГ базасындағы жылыту пункті, мотопомпалар және басқа да арнайы техникалар бар. Сонымен қатар, Жезқазған қаласының әуежайында «Қазавиаспас» АҚ МИ-8 тікұшағы кезекшілік етеді. Төтенше жағдайлар туындаған кезде адамдарды қауіпсіз жерге көшіру үшін мамандар 42 эвакуациялық пункт пен 2 шатыр дайындады.
Қазіргі уақытта өңірде су тасқыны кезеңіне қызу дайындық жүріп жатыр. Шұғыл қызметтер қажет болған жағдайда күшейтілген режимде жұмыс істеуге дайын.