30 оқу орнына – 300 білім гранты

Ұлытау облысы жастарының биылғы мүмкіндігі осындай. Яғни, Ғылым жəне жоғары білім министрлігі биыл біздің облысымызға 300 білім грантын беріп отыр. Бұл грант иелері еліміздің 30 жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады.

Бұл мəселе Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Мемлекеттік грант – 2023. Ұлытау облысының жастарына арналған гранттар» деген тақырыптағы брифингте мəлім болды. Аймақтың ақпарат саласы қызметкерлерімен болған кездесуде облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова студенттер үшін жасалынған мүмкіндіктерді жіпке тізіп шықты.

– Биыл Қазақстан Республикасының Ғылым жəне жоғары білім министрлігі еліміздің оңтүстік, батыс жəне жаңадан құрылған өңірлерінің жастарын оқыту үшін 5000 нысаналы грант бөліп отыр. Мұның 300 білім гранты Ұлытау облысына тиесілі.
Гранттар қатарында педагогикалық ғылымдарға 50, жаратылыстану ғылымдары, математика жəне статистикаға 55, Ақпараттықкоммуникациялық технологиялар бойынша 45 жəне инженерлік, өңдеу жəне құрылыс салаларына 150 грант қарастырылған, – дейді Сапура Сейдуалиқызы.

Спикердің айтуынша, аталған 300 грантты иеленген жастар еліміздің 30 жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Мемлекеттік грант иегерлері жатақханамен, стипендиямен қамтамасыз етіледі жəне диплом алғаннан кейін жұмыс орнын өзі таңдауға мүмкіндік бар.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға ай сайынғы мемлекеттік стипендия педагогикалық жəне денсаулық сақтау бағытынан басқа мамандықтарға 36660 теңге болса, педагогикалық жəне денсаулық сақтау бағытындағы студенттерге – 58800 теңгені құрайды, – дейді басқарма басшысы.

Сапура Сейдуалиқызы сондай-ақ мемлекеттік грант конкурсына қатысуға қажетті құжаттарды да тізбектеп айтып берді. Құжаттар (өтініш, 075 формадағы медициналық анықтама, 3*4 фотосурет, білімі туралы құжат (аттестат немесе диплом), ҰБТ сертификаты) 13-20 шілде аралығында қабылданады.

Қазіргі таңда құжаттарды қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларында, шалғай өңірлер үшін egov.kz электронды үкімет порталы жəне Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы жүргізілуде.

– Сонымен қатар, биыл Ұлытау облысы əкімі де жастар үшін 90 білім грантын бөліп отыр. Бұл өңір жастары үшін таптырмас мүмкіндік. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдарға 38, бизнес, басқару жəне құқық салаларына 5, инженерлік, өңдеу жəне құрылыс салаларына 47 грант қарастырылған, – дейді Сапура Төлекова.

Брифинг соңында спикерге тақырып аясында сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.