Құрметті жерлестер! Қадірлі ұстаздар мен оқушылар!
Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Бүгінгі таңда бүкіл әлемдік жаңа идеология ең әуелі білімнің теңдессіз күшіне арқа сүйейді. Бәсекеге қабілетті дамыған елге айналу үшін сауаттылығы жоғары ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Қазақстанда әлемдік стандартқа сай білім берудің алдыңғы қатарына шығу мақсатында барлық жағдай жасалған. Ұлытау ауданында да оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына мол мүмкіндік қарастырылған. Аудан мектептерін жаңа заманға сай цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтау жыл сайын жалғасып келеді.
Әділетті Қазақстанның негізгі ұстанымы білім жүйесін сапаландыру болып отыр. Қоғамымыздың ілгерлеуі де, мемлекетіміздің гүлденуі де білім мен білікке байланысты. Сондықтан бүгінгі ұрпақты өз Отанын сүйетін, тәуелсіз еліміздің игілікті жолында білімдерін ел кәдесіне жарататын, Қазақ елінің озық ойлы, білімді азаматтары етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы жолда мемлекет үшін білім саласы қашанда маңызды болып қала бермек.
Сіздерді мерекемен тағы да құттықтай отырып, мұғалімдер қауымының кәсіби қызметіне, шығармашылық бастамаларына, мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерге, оқушыларға терең білім алуларына сәттілік тілейміз.
Жаңа оқу жылдарыңызбен!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.