Портал іске қосылды

Жуырда, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Ұлытау облысына келетін туристер саны артып келе жатқанын ерекше атап айтқан болатын. Ол өңірдегі киелі жерлер мен əртүрлі дəуірлердегі тарихи ескерткіштер облыстың туристік əлеуетін, əсіресе, этно жəне экотуризмді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Логистикалық проблемаларға қарамастан, 6 айда келуші туристер саны 7%-ға өскенін байқап отырмыз, бұл ретте өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық өсті. Қонақ үйлер көрсеткен қызметтер көлемі 240 млн. теңгеге дейін немесе 32%-ға өсті», – деген еді өңір басшысы өз сөзінде.
Аймақ басшысы сондай-ақ облыста туризмді дамыту үшін бірқатар шаралардың атқарылып жатқанында баяндаған болатын. Міне, соның айқын айғағындай таяуда өңірімізде Ұлытау облысына келетін туристерді ақпараттандыру жəне өңірдің туристік орындарын насихаттау мақсатында vizit-ulytau.kz туристік ақпараттық порталы техникалық режимде ашылды.
Аталмыш портал өз кезегінде облыстың тарихи-мəдени жерлерін аралауға келген туристерге онлайн нұсқаулық болатынын атап кеткен жөн.
Ақпараттық портал пайдаланушыларға барынша ыңғайлы етіп жасалынды. Портал ішінде «Қонақ үйлер», «Тамақтану», «Қайда баруға болады?», «Демалыс орындары», «Туристің жадынамасы», «Маршруттар», «Жаңалықтар», «Галерея» бөлімдері 3 тілде ұсынылды.

Аманкелді АҚШАЛ.