Жылыту маусымы 10 қазанда басталады
Ұлытау облысында жылу беру маусымы 10 қазанда басталатын болды. Бұл жайында облыс әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ Жезқазғандағы жылу электр орталығының алдағы маусымға дайындығын бақылау барысында айтты.
Қазір ЖЭО-да жұмыс қызу жүріп жатыр. Бүгінгі күні төрт қазандық дайын, тағы екеуі жөндеуден өтуде, ал біреуі толықтай жаңғыртылу үстінде. Егер бәрі ойдағыдай жүретін болса Жезқазған алдағы жылыту маусымын бас аяғы жеті қазандықпен өткереді деп жоспарлануда. 10 қазанда басталатын жылу беру маусымына облыс орталығы төрт қазандықпен кіреді. Ауа райы температурасының төмендеуіне сәйкес, күрделі жөндеудегі тағы екі қазандықтың біреуі 15 қазанда, біреуі қарашаның басында қатарға қосылады. Толықтай жаңғыртудан өтіп жатқан жетінші қазандық жұмысын қаңтардан бастайды.
Орайы келгенде айта кетейік, жетінші қазандықты толықтай жаңғырту 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге жұмыстар 90 пайыз аяқталды. Жабдықтары шет мемлекеттерден жеткізіліп жаңартылды, қазір монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.