ЖОЛ САПАСЫ – БАҚЫЛАУДА
Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы жол сапасын бақылайтын бірден-бір мекеме. Мекеменің мамандары республикалық маңызы бар жолдарды ғана емес, облыс және елді мекен арасындағы жолдардың сапасын да тексереді. Бұл жолы «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалының мамандары Ұлытау ауданына барар жолдың сапасын бақылады.
Ұлытау облысының аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 961 шақырым желісі бар. Бұлар – негізінен Қарағанды бағытындағы 350, Қызылорда бағытындағы 208, Ұлытау-Арқалық аралығындағы 252 шақырым жолдар. Сапа оратылығы осы жолдардың сапасын бақылап, сараптама жүргізеді. Қазіргі таңда жолды қысқы ұстап күту жұмыстарымен қоса көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстары басты назарға алынды. Атап өту керек, Республикалық маңызы бар жолдар бойында арнайы жол пайдалану бөлімшелері орналасқан.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалының инженері Оразәлі Оразбаевтың айтуынша, қазіргі таңда су тасқынына қарсы техникалар жұмылдырылған және де сол 3 бөлімшелерде 23 техника , атап айтқанда 15 самосвал, 4 погрузчик, 2 экскаватор және 2 трал қарастырылған. Бұдан бөлек тәулік бойы бөлімшелерде қызметкерлер патрульдік бақылау жүргізеді. Және сағат сайын жолдың жай күйі бойынша ақпаратты Астана қаласындағы ахуалдық орталыққа жолдап отырады. Осылайша республикалық жолдардың жай күйі бойынша ақпарат бір жерге шоғырланған.
Бақылау барысында мамандар трассалармен қатар, жолды күтіп ұстауға жауапты мердігерлердің жұмысын да бағалады. Техника саны мен қолданып жатқан материалдарын көрді. Қауіпсіздік үшін асфальттан бөлек, көктайғақта төселетін материал сапасы да жоғары болғаны аса маңызды. Мамандар, қолданатын құмның жарамдылығын, тексеру мақсатында бір қабын арнайы зертханасына алып кетті.Сынама ретінде материалдар зертханада тексеріліп нәтижесі шығарылады.