Сайлау күні қандай әрекеттерге тыйым салынады: Бас прокуратура азаматтарға үндеу жасады

Бас прокуратура 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты азаматтарға үндеу жасады.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінге дейін сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты. Барлық кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сайлауалды үгіт 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталады.

28 және 29 қарашада:
— Кез келген сайлауалды үгіт жүргізуге;
— Бұрын жарияланған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты бетіне шығаруға тыйым салынады.

Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және таратуға болмайды.

Бұған қоса, сайлауға дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық сауалнама нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдар мен зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.

Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгендерге 15-тен 35 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.