Жол картасы жасалынды
Өткен аптада ҚР Экология жəне табиғи ресурстар министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ Ұлытау облысына келді. Жұмыс сапарының аясында халықпен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Кездесуге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылар өңірдегі экология мəселесін көтерді. Министр өз кезегінде көтерілген мəселелер назарға алынып, арнайы шешім қабылданатынын жеткізді.
Кездесуден кейін Экология жəне табиғи ресурстар министрі мен Ұлытау облысының əкімі Жезқазған мыс қорыту зауытында болып, күкірт қышқыл цехын жаңғырту үшін қолға алынған жобамен танысты. Ол ауаға таралатын залалды қышқылдың көлемін азайтуға ықпал етпек.
Келесі кезекте министр Ұлытау облысының орталығындағы ботаникалық бақтың жайын бақылады. Бақылау барысында аумағы 70 гектарға жуық орынды тиімді пайдалану, жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жолдары талқыланды. Мақсат – облыс орталығын көгалдандыру жобасын қолға алу. Жұмыс сапарының соңында ҚР Экология жəне табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков аталған салада жұмыс атқаратын мекемелер мен ұйымдардың өкілдеріне жиын өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясының облыста жалғасып жатқанын жəне келер жылы облыстың абаттандырылу мен көгалдандырылуына арналатын жобаларға басымдық берілетінін жеткізді. Экология жəне табиғи ресурстар министрі өз кезегінде полигондардың жұмысын реттеу, өндіріс орындарындағы зиянды қалдықтардың ауаға таралуымен күресу, контейнерлер мен техникалар санын көбейту жəне Жезқазғанда жасыл белдеу қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен Ұлытау облысының əкімдігі арасында өңірдегі экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру үшін Жол картасы əзірленіп, бекітілді.
Аманкелді АҚШАЛ.