ЖЕЗҚАЗҒАННЫҢ ДАМУЫ – АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Жезқазған қаласындағы жаңа ауданды дамытудың алғышарты жасалуда. Атап айтар болсақ, аумаққа құбыр орнату жұмыстары басталды. Нәтижесінде жаңа аудан су, жылу, кәріз желілерімен қамтамасыз етіледі.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қолға алынған ауқымды жобаны бақылау барысында құрылыс нысандарын салу үшін аталған жұмыстың аса маңызды екенін жеткізді.

Қаланың бекітілген жаңа бас жоспарына сәйкес жаңа ауданда әкімшілік ғимараттар мен жаңа тұрғын үйлер бой көтермек. Осы мақсатта бас аяғы жеті шақырым жолға диаметрі 820, 720, 630 және 530 мм. болатын магистральді жылу желілері, бес шақырымға су құбырлары, төрт шақырымға су бұру желілері жүргізілуде. Аталған ауқымды жұмыс жыл соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы жүргізіліп жатқан жұмыстар жолаушыларға қолайсыздық тудырмауы үшін жедел жүргізуді және белгілі бір бөлігі аяқталысымен бірден асфальт жабынын төсеу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, биыл облыс орталығының батыс ауданындағы медициналық орталық, өрт сөндіру депосы, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты мен жатақханаға, жаңа тұрғын үйлерге арналған модульді қазандықтың құрылысы басталады.