«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТЕ» ЖАҒДАЙДЫҢ БӘРІ БОЛАДЫ

Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында ұлттық жоба аясында басталған 300 орындық заманауи мектеп қолданысқа биыл берілуі тиіс. Осылайша Қабанбай батыр шағынауданының 200-ден астам оқушысы қала мектептеріне қатынауға мәжбүр болмайды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының жұмыс сапары аясында білім ошағында жылу мәселесі орын алмайтыны да айтылды. Себебі нысанға жеке модульді қазандық салынады.

Ғимарат 5 блоктан тұрады. Білім ошағында 25 орындық даярлық тобына орын қарастырылған. Айналасында спорт, футбол, work out, іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар орналасады.

Өңір басшысы жобаның тұрақты қадағалауда екенін жеткізіп, мерзімінен кешіктірмеуді тапсырды.

«Мектеп құрылысы тамыз айында аяқталуы қажет. Ішкі жабдығы мен сыртқы абаттандыру жұмыстары сапалы болсын» – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Қазіргі уақытта құрылыс басындағы топ жеделдік үшін екі ауысымға көшуді жоспарлап отыр.