Жезқазған қаласында 1705 тұрғын үй газбен қамтамасыз етілді
Жезқазған қаласында жылу тапшылығының алдын алу мақсатында «Сарыарқа» жобасы аясында магистральды газ құбырының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қазіргі уақытта қаладағы 1705 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жоба аясында қаладағы газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылдың соңына дейін қосымша 800-ге жуық үйді газбен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл жоба қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, жылу мен энергияға деген сұранысты толық қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
«Жобаның іске асырылуы қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартудың маңызды кезеңі болып табылады. Облысымызда тұрғын үйлерді газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады.» — деп атап өтті облыс әкімі Дастан Рыспеков.
Бұдан бөлек, Ұлытау облысында басқа да маңызды жобалар іске асырылуда. 2024 жылы облыста жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы аяқталады, соның ішінде денсаулық сақтау және білім беру саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізілуде. Биыл облыста реабилитациялық орталық ашылып, онда жыл сайын 600-ге дейін бала оңалту шараларынан өтетін болады. Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша көптеген жобалар қолға алынған.
Ұлытау облысының экономикасы да өсіп келеді. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлытау облысының жалпы өңірлік өнімі 799 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өсті. Облысқа тартылған инвестициялар көлемі 42%-ға артып, 158 млрд теңгені құрады.