ТУРИЗМ ҰЛЫТАУДЫ ТҮЛЕТЕДІ
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиында туризмнің дамуы, мемлекеттік қызметтерді дамыту мен цифрландыру, сәулет-құрылыс саласында атқарылған бақылау жұмыстары мәселелері қаралды.
Отырыстың алғашқы сұрағы бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин баяндама жасады. Облыс әкімі бұл ретте Жезқазған әуежайы алаңдарында ақпараттандыруды күшейту үшін креативті индустрия өкілдерін тартуды тапсырып, бөлінген қаражатты ұтымды пайдалану қажеттігін ескертті. Одан бөлек, келген қонақтарға туристік қызметтерді ұсынатын заңды тасымалдаушыларды іске қосуды жеделдету қажеттігін жеткізді. Өңір басшысының айтуынша, Ұлытау ауданының өзінде туристер қызығатын орын көп, десе де қызмет көрсету сапасы төмен. Сол себепті де облыс әкімі аталған салаға инвестор тартудың аса қажет екендігін айтты.
Жиын барысында облыс әкімі Ұлытау ауданында глэмпинг жобасын іске асыру қажеттігіне тағы бір мәрте тоқталып, «Ұлытау» геопаркін құру жұмыстарының қарқынын арттыруды, ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі мемлекеттік көрсетілетін қызметтер халықтың құқықтары мен мүддесін қорғауға ықпал етуі тиіс екенін айтып, аталған жұмыстардың сапасын жоғары деңгейде ұстауды міндеттеді. Оған қоса қызмет бабымен электронды цифрлы қолтаңбаны қолдануда аса абай болуды, кемшіліктер жібермеуді назарда ұстау қажеттігін еске салды.
Облыс әкімі аппарат жиынының соңғы мәселесіне сәйкес, рұқсат құжатсыз құрылысты бастап кететін, оны сапасыз салатын компаниялардың жұмысына жол бермеуді қатаң ескертті. Оған қоса, үлескердің ақшасын алдын ала тартуға рұқсаты жоқ кәсіпкерлердің нысандарын үздіксіз бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді, өңір басшысының айтуынша, бұл — қоғамдық-саяси жағдайға әсер ететін маңызды сұрақтардың бірі.