Әскери оқу орындары шақырады

Биыл елімізде 124 379 оқушы мектеп бітірді. Қаншама жеткіншек арманына қанат байлап, жаңа өмірге қадам басты. Ресми деректерге сəйкес биыл түлектердің 70 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Мектеп бітірушілер үшін нағыз сындарлы сəт енді басталады. Əртүрлі сала маманы атануды көздеген жастарымыз құжаттарын арқалап, «еліміздің қай жоғары оқу орынын таңдасам екен, қай мамандықты меңгерсем» екен деп толғанып жүр. Түлектердің арасында əскери мамандық меңгеруге құлықты жастар да бар екенін ескеріп, Қазақстанда əскери білім беретін қанша ЖОО бар, əскери білім мекемесіне қалай оқуға қабылдануға болады деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Алдымен Қорғаныс министрлігіне қарасты əскери институттарға тоқталып өтейік. Бүгінгі таңда қорғаныс саласына қажетті əскери мамандарды оқытатын үш негізгі əскери институт бар. Олар: Құрлық əскерлерінің əскери институты, Радиоэлектроника жəне Байланыс əскери инженерлік институты сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мəрте Батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы Əуе қорғаныс күштерінің Əскери институты.

Құрлық əскерлерінің Əскери институты

Еліміздегі əскери мамандар даярлау ісінде нағыз ұстахана саналатын Құрлық əскерлерінің Əскери институты офицерлік кадрларды 11 мамандық бойынша дайындайды:
Мотоатқыш əскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы; əуе-десанттық əскерлерінің жəне əскери барлаудың командалық-тактикалық даярлығы; танк əскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы; артиллерияның командалық-тактикалық даярлығы; автокөлік əскерлерінің командалық-тактикалық даярлығы; азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; киім-кешекпен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; жанар-жағар маймен қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; бронетанктық қару-жарақ жəне техника; инженерлік əскерлердің командалық-тактикалық даярлығы; əскерлерді ракета-артиллериялық қамтамасыз ету бойынша командалық-тактикалық даярлық; əскери аударма ісі. Құрлық əскерлерінің Əскери институты келесі мекенжай бойынша орналасқан: Алматы қаласы, Красногорская көш. 35, тел: 8 (7272) 90-18-20, 90- 12-42.

Радиоэлектроника жəне байланыс əскери инженерлік институты

ЖОО-ның негізгі міндеті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері əскерлері мен қаруланудың зенитті ракеталық, радиотехникалық əскерлерінің, байланыс бөлімдерінің, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз етудің, автоматтандырылған басқару жүйелерінің кəсіби офицерлерін дайындау болып саналады.
Білім мекемесінде болашақ офицерлер 5 мамандық бойынша оқытылады: радиобайланыс пен көздеу; радиобайланыс пен зенитті ракеталық əскерлердің қондырғыларын жөндеу; зенитті ракеталық əскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; радиотехникалық əскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; ҚР ҚК автоматты басқару жүйелерінің инженері.

Кеңес Одағының екі мəрте Батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы Əуе қорғаныс күштерінің Əскери институты

Əуе қорғанысы күштерінің Əскери институты деп аты айтып тұрғандай еліміздегі əскери ұшқыш, əскери инженер мамандарды əзірлейтін жалғыз білім ордасы. Институттың негізгі міндеттері – əскери авиацияға офицерлік кадрларды дайындау, əскери теорияны дамыту, қоғамдық ғылымдардың əскери, қару-жарақ, авиациялық əскери техниканың мəселелеріне бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу, əскерлердің қауіпсіздігі жəне жауынгерлік дайындығын арттыру болып табылады.
Институт болашақ мамандарды 8 мамандық бойынша даярлайды: ұшқыш аппараттарын пайдалану, фронттық авиацияның командалық тактикасы; ұшқыш аппараттарын пайдалану, армия авиациясының командалық тактикасы; штурмандық авиацияның тактикасы; авиациямен жауынгерлік басқарудың командалық тактикасы; ұшқыш аппараттардың жəне оталғыштардың техникалық пайдалануы; Авиациялық радиоэлектронды құрал-жабдық; авиациялық электрофикациялық жəне ұшқыштық-көздеуіш радиоэлектронды құрал-жабдықтың техникалық пайдалануы; авиациялық қару-жарақтану.
Əуе қорғаныс күштерінің Əскери институты Ақтөбе қаласы, Молдағұлова көшесі 16 мекенжайында орналасқан. Тел: 8 (7132) 52-28-45; 52-16- 88.
Төменде көрсетілген оқуға қабылдау ережесі үш əскери институтқа да бірдей қатысы бар.

Оқуға қабылдау ережелері:

Ал, енді осы жоғарыда аталған əскери білім мекемесіне оқуға барам деуші түлектер не істеуі керек? Қандай құжаттарды қайда өткізеді?
1) Əскери мамандықты таңдаған түлек 25 шілдеге дейін тегін, атын жəне əкесінің атын, туған күнін, білім деңгейін, əскери оқу орнының жəне ол бойынша оқуға ниет білдірген мамандықтың атауын көрсете отырып, жергілікті əскери басқару органдарына өтініш жолдайды;
2) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Əскери білім жəне ғылым департаменті жыл сайын 20 маусымға дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен қабылдау жəне апелляциялық комиссиялардың құрамдарын, олардың міндеттерін, қабылдау комиссиясының жұмыс жоспарын, сондай-ақ ҰБТ-дан өту балын бекітеді.
3) Жоғары əскери оқу орындарына қабылдау 1-25 тамыз аралығында өтеді. Əскери білім мекемесін таңдаған түлек ең əуелі ҰБТ қорытындысын апарады. Əскери институттардың талабы – тестілеудің балы жоғары болуы тиіс.
4) Келесі кезекте ҰБТ балы жеткілікті деп шешілген соң, түлектер дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырады;
5) Медициналық тексерістен өтеді;
6) Психологиялық тест тапсырады.
Бүгінгі таңда білекке емес, білімге сенетін заман. Уақыт өзгерген сайын, заман түрленіп, талап та күшейді. Əскери салаға барамын деуші түлек үшін, білім жəне дене даярлығының жоғары көрсеткіші маңызды мəселе болып табылады. Спортта дəрежелі болып, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болса тіпті жақсы. Бір орынға бірдей ұпаймен талас туған жағдайда, спорттық жетістіктер мен олимпиададағы жетістіктер ескеріледі. Одан кейін талапкердің интеллектісі маңызды орын алады. Өйткені, ол жерде қатардағы сарбаз емес, берген тапсырманы орындай алатын, мəселені шешуге келгенде таптырмайтын маман – болашақ офицерлер даярланады.

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институты

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтында күндізгі жəне сырттай оқу түрлері бойынша мамандар əзірленеді. Оқуды бітірген соң күндізгі оқу түрінің түлектеріне əскери іс жəне қауіпсіздік бакалавры академиялық дəрежесі мен «өртке қарсы қызмет лейтенанты» арнайы атағы беріледі. Мамандықтар: «Өрт қауіпсіздігі»; «Төтенше жағдайларда қорғау»; «Азаматтық қорғаныстың командалық-тактикалық күші».
Аталмыш мамандықтарды меңгерген мамандар оқу орнын бітірген соң, Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің бөлімшелерінде жұмысқа тұрғызылады.

Оқуға қабылдау шарттары:
Азаматтарды институтқа қабылдау төрт кезең бойынша өтеді:
Бірінші кезеңде Институттың мемлекеттік қабылдау комиссиясы ҰБТ немесе ТКТ (қазақ немесе орыс тілдері, Қазақстан тарихы, математика жəне төртінші пəн — физика, бейінді пəн – математика) сертификатындағы балдарға сəйкес іріктеуді өткізіп, оқуға үміткерлерді қалыптастырады;
Екінші кезеңде медициналық жəне психофизиологиялық көрсеткіштер бойынша іріктеу өтеді; Үшінші кезеңде дене шынықтыру көрсеткіштері бойынша іріктеу жүргізіледі Төртінші кезеңде — мандаттық комиссия курсанттар қатарына қабылдайды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Əскери институты

Институт Ұлттық ұланға командалық, тəрбие жəне əлеуметтік-құқықтық, тылдық, автомобильдік, инженерлік-техникалық, ракета-артиллериялық қамтамасыз етуге тактикалық басшылық ету мамандықтары бойынша офицерлер даярлап, «лейтенант» əскери атағын жəне мамандығына сəйкес біліктілігін қоса береді. Оқыту бағдарламасында курсанттардың ЭЕМ операторлары жəне «ВС» санатты жүргізуші мамандықтарын меңгеруі қарастырылған. Курсанттарды оқыту 7 кафедрада жүргізіледі.
Ұлттық ұланның Əскери институтында білім алуды арман еткен талапкерлер қатаң талап сүзгісінен өтеді. Денсаулығына, күш-қуатына ерекше мəн беріледі. Дене шынықтыру дайындығынан нормативтер, əскери-кəсіптік бағыттағы психологиялық тест, бірнеше пəннен кешенді сынақ тапсырады.

ҚР Ішкі Істер Министрлігінің Алматы Академиясы

ҚР ІІМ Алматы Академиясы келесідей мамандықтар бойынша оқытады:
Тергеу-криминалистика қызметі; Жедел іздестіру қызметі; Жедел-криминалистика қызметі; Əкімшілік-құқықтық қызметі.
Ережеге сəйкес Академияға кəсіптік-техникалық жəне жалпы орта білімі бар, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін, оқуға жəне əскери қызметке денсаулығы жарамды, 16 жасқа толған жəне 25 жастан аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Кешендік тестілеу азаматтардың қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жəне негізгі пəн (дүниежүзі тарихы) бойынша көрсетілген мамандықтар тізіміне сəйкес жүргізіледі.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Өтепов көшесі, 29. Тел: 8(727) 337-81-11, Факс: 8(727) 337-80-88. Интернет пошта: Akademy_mvd@mail.ru сайт.

ҚР ІІМ Қарағанды Заң институты

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2001 жылы ҚР ІІМ Қарағанды заң институтына Б.С.Бейсеновтің есімі беріліп, 2005 жылдың 5 мамырында ғұлама тұлғаға арнап, ЖОО-ның аумағында ескерткіш орнатылды.
Институт төмендегі мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды: Қылмыстық құқық, криминология жəне қылмыстық-атқару құқығы; Қылмыстық іс жүргізу; Криминалистика жəне сот сараптамасы; Жедел-іздестіру қызметі.

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе Заң университеті

Ақтөбе Заң университеті «құқыққорғау ісі» мамандығы бойынша əскери кадрларды оқытады. Білім ордасы биылғы түлектерді оқу жүйесіне енгізілген жаңа өзгерімдер бойынша қабылдайтынын айта кеткеніміз жөн. Қысқартылған бағдарламаға сай түлектер 2 жыл білім алып, заңгер мамандығын меңгеруіне мүмкіндік беріліп отыр. Ішкі істер министрлігі ведомоствосы басшыларының айтуынша, 2016 жылдан бастап Ақтөбе Заң институтын кəсіби қайта даярлықтан өту үшін біліктілікті көтеру жəне кадрлардың біліктілігін арттыру институтына айналдыру жоспарланып отыр.
Институттың мекен-жайы: Ақтөбе қаласы, 41-жол айрығы, Курсанттар тас жолы 1, 8(7132) 41-43-15, 41-43-21, 98-80-37.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД кадрлық бөлімшелері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің оқу орындарын жабдықтау жұмыстарын бастады.
Медициналық комиссия, сонымен қатар, арнайы тексерулерді өткізуге байланысты ІІМ жүйесінің білім мекемелері талапкерлерді таңдауды уақытынан бұрын қолға алады. Полицияның оқу орындарына қабылдау екі кезең бойынша жүзеге асырылады: бірінші кезең – медициналық, физикалық жəне психологиялық көрсеткіштерді қамтыса, екіншісінде қабылдау комиссиясы үміткерлерді тыңдаушылар қатарына қабылдай бастайды. ҚР ІІМ оқу орындарына түсуге құжаттарды əзірлеу барысында қойылатын басты талаптар – орта жəне орта жоғары білім, сонымен қатар, жас мөлшері 25- тен аспауы тиіс.
ІІМ оқу орындарына түсуге үміткерлердің физикалық даярлығына жəне медициналық көрсеткіштеріне ерекше көңіл бөлінеді. Кəсіп мықты денсаулықты қажет ететіндіктен, əскери-дəрігерлік комиссия тексерісті екі айналым бойынша өткізеді.

ҰҚК Шекара қызметінің академиясы
Академияда оқу мерзімі 4 жыл. 5 мамандық бойынша кадрлар даярланады:
Командалық-тактикалық; жедел-барлау қызметі; шекаралық бақылау; кинология; қызметтік-жауынгерлік іс-əрекетті моральдық-психологиялық қамтамасыз ету.
Мекен-жайы: Алматы қаласы, Достық даңғылы 103, тел/ факс: 8 (727) 264 65 29, e-mail: viknbrk@mail.ru

Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің институты

Институттың негізгі міндеті – басшылық буынның офицер кадрларын дайындау, сондай-ақ ҚР КК-нің шекара əскерлері үшін офицер құрамын қайта дайындау мен біліктілігін арттыру, əскери ғылыми-педагогикалық мамандарын дайындау.
Мұнда қабылдау комиссиясы қараша айынан бастап жұмыс істейді. Талапкер 10 ай бұрын өтініш беріп қоюы қажет. Алдымен жергілікті жердегі ҰҚКнің (ауылдық жерде болса аудан орталығына барып) кадрлар бөлімінен не істеу керек екенін сұрайды. Олар арнайы тексеруден өткізгеннен кейін, құзырлы орган академияға тапсыруыңызға ұсыныс береді. Медициналық комиссиядан өтіп, мектептің аттестатын «құшақтап», аймақтық ҰҚК-нің басқармасындағы қабылдау комиссиясы мен мандатты комиссияның қарауына барады. Одан өткеннен кейін ҰБТ-нің нəтижесімен институтқа тіке тартуға болады.
Ал, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің институты мен академиясының айырмасын ажырата алмай жүргендер болса, жауап мынандай: Академияны тəмамдаған түлек ҰҚК органдарына жұмысқа қабылдана береді, ал институт тəмамдағандар шекарашы қызметіне кетеді. Академияға тапсырғысы келгендер ағылшын пəнін, институтқа түскісі келгендер география пəнін таңдауы керек.
Қадірменді түлектер, жоғарыда аталған əскери мамандықтар бойынша кадрлар əзірлейтін жоғары оқу орындарында білім алу мемлекет тарапынан тегін екенін қайталап айтқым келеді. Жолыңыз болып, оқуға қабылданған жағдайда 4 жыл тегін жатын орын, киім-кешек, тамақ сондай-ақ шəкіртақымен қамтамасыз етілетін боласыздар.
P.S. Əскери саланы таңдаған түлектер, біз тізбектеп өткен оқу орындары Отан қорғау, құқық, тəртіп секілді ұғымдарға негізделгендіктен, бұл салада əлсіздік, шыдамсыздық секілді қасиеттерге орын жоқ екенін ескергендеріңіз абзал. Болашақ əскери маман иесі – болашақ Отан қорғаушы маман. Баршаңызға сəттілік тілейміз!

Дəурен СМАИЛОВ,
Ұлытау ауданы Қорғаныс істері бөлімі.
Əскерге шақыру қызметі бастығы.