Өрт қауіпсіздігі нығая түсті
Қоскөл елді мекенінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобалардың бірі жүзеге асырылды. Ауылдағы өрт сөндіру бекетінің жанынан заманауи автогараж пайдалануға беріліп, өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық әлеуеті едәуір нығайды.

Қоскөл ауылында 2022 жылы ашылған өрт сөндіру бекеті бүгінгі күні өңірдегі қауіпсіздік жүйесінің маңызды буынына айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда бес өрт сөндіру қызметкері жыл бойы үздіксіз қызмет атқарып, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Олар төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт оқиғаларына жедел әрекет ету және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жүйелі еңбек етіп келеді.
Жаңа автогараждың салынуы бекет жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бермек. Жергілікті демеушілердің қолдауымен бой көтерген нысан өрт сөндіру техникасын сақтауға және оның тұрақты дайындық жағдайында болуын қамтамасыз етуге арналған. Әсіресе, қыс мезгілінде жылытылатын гараж техниканың қалыпты жұмысын сақтап, төтенше жағдайларға жедел шығуына қолайлы жағдай жасайды.
Өрт қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Материалдық-техникалық базаны жаңғырту мақсатында Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан бекетке арнайы «ГАЗ-53» «АЦ-40» өрт сөндіру автокөлігі бөлінді. Арнайы техниканың берілуі өрт сөндіру бөлімшесінің мүмкіндігін арттырып, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға жол ашады.
Мамандардың айтуынша, ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғауда ерекше маңызға ие. Сондықтан, өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту, техникалық жарақтандыру және кадрлық әлеуетті нығайту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
Қоскөлдегі жаңа автогараждың іске қосылуы – мемлекеттік органдар мен жергілікті демеушілердің ортақ еңбегінің нәтижесі. Мұндай бірлескен бастамалар өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруға да ықпал етеді.
Өрт қауіпсіздігі – ортақ міндет. Сондықтан, Қоскөл ауылында жүзеге асқан бұл игі іс тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.
Гүлсара ИСКАКОВА.
Қоскөл ауылы.
