Қоскөл – даму бағыты айқын ауыл
Ұлытау өңірінің шалғайында орналасқан Қоскөл ауылы бүгінде дəстүрлі мал шаруашылығын заман талабына сай дамытуды көздеген, əлеуметтік инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындарының тұрмыс сапасы біртіндеп жақсарып келе жатқан ауылдардың бірі. Ұлытау ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округі географиялық орналасуы жағынан ерекше аймақ саналады. Оның аумағы Қостанай, Ақтөбе жəне Қызылорда облыстарымен шектесіп, жалпы жер көлемі 733 мың гектардан асады. Осындай кең байтақ аумақта бүгінде 645 тұрғын еңбек етіп, ауылдың əлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.

Қоскөлдің қалыптасу тарихы өткен ғасырдың ортасымен тығыз байланысты. Ел бұл өңірді 1943 жылдан бастап қоныстана бастады. Ал 1974 жылы Сəтбаев совхозының құрылуы ауылдың өркендеуіне серпін беріп, Қоскөл сол кезеңде ауданның ең табысты шаруашылықтарының біріне айналды. Тəуелсіздік жылдарында совхоз тарағанымен, ауылдың еңбекке деген дəстүрі сақталып, жеке шаруашылықтар қалыптасты. Бүгінде Қоскөл – ауыл шаруашылығы мен əлеуметтік саланы қатар дамытуға бет бұрған елді мекен.
Мал шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі
Қоскөл ауылдық округінің экономикасы негізінен мал шаруашылығына сүйенеді. Қазіргі уақытта округ аумағында 68 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның ішінде бір шаруашылық асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысса, алты шаруашылық селекциялық жұмыстар жүргізуде. Бұл көрсеткіштер өңірдегі мал сапасын жақсартып, өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығында жаңа серпін берген жобалардың бірі – «Еділбай-Қоскөл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрылуы. Кооператив жетекшісі Эльмира Əмірханқызы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алып, асыл тұқымды Еділбай қойларын сатып алды. Қазіргі таңда кооперативтің ұзақ мерзімді жоспары – 2028 жылға дейін бес мың бас қой өсіріп, екі мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу.
Бұл жоба ауыл экономикасын əртараптандырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өнім көлемінің артуына жəне өңірдің ет өндірісіндегі əлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге Қоскөл шаруалары облыстық жəне республикалық ауыл шаруашылығы жəрмеңкелеріне тұрақты қатысып, өз өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсынып келеді. Бұл ауыл өнімдерінің нарыққа шығуына жəне жергілікті кəсіпкерлердің тəжірибе жинауына оң əсерін тигізуде.
Мал шаруашылығының тұрақты дамуы ветеринариялық қызметтің сапасына тікелей байланысты. Бұл салада «Серпін» бағдарламасы арқылы келген жас маман – Жəдігер Саржадинов еңбек етуде. Жас кадрлардың ауылға келуі – мемлекеттік бағдарламалардың нақты нəтижесінің бірі.
Биыл аудандық бюджеттен 8,5 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, жаңа мал қорымы салынып жатыр. Бұл – ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтіп, жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба.
Инфрақұрылым жаңарып келеді
Қоскөл ауылының инженерлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Барлық тұрғын үйлер мен əлеуметтік нысандар электр энергиясымен толық қамтылған. Биыл көше жарықтарын жөндеуге қаржы бөлініп, ауылдың түнгі қауіпсіздігі жақсаруда.

Абаттандыру жұмыстары аясында ауыл кіреберісіне сəнді арка орнатылып, жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың нақты көрінісі.
Алдағы маңызды жобалардың бірі – ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу. Бұл тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мəселесін шешуге бағытталған.
Байланыс жүйесі де тұрақты жұмыс істейді. Телефон, Beeline байланысы жəне интернетке негізделген байланыс құралдары қолжетімді. Сонымен қатар электр энергиясы үзілген жағдайда пайдаланылатын дизельді генератордың болуы ауылдың төтенше жағдайларға дайындығын көрсетеді.
Қоскөлдің басты артықшылықтарының бірі – халықаралық маңызы бар «Жезқазған – Бейнеу» теміржолының бойында орналасуы. Қоскөл станциясында вокзал, əкімшілік ғимарат, вагон жөндеу депосы, жоғары кернеулі электр станциясы жəне өртке қарсы қызмет орналасқан. Теміржол саласында 112 адам еңбек етеді. Бұл – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған ең ірі жұмыс берушілердің бірі.
2026 жылдан бастап «Қарағанды – Ақтау» жəне «Қызылорда – Астана» бағытындағы жүрдек жолаушылар пойыздарының қатынай бастауы Қоскөлдің көлік қатынасын жақсартып, ауылдың өңіраралық байланысын нығайтты.

Білім, денсаулық, мəдениет һəм спорт
Қоскөлдегі №11 жалпы білім беретін мектепте бүгінде 109 оқушы білім алуда. Білім ордасында 24 педагог қызмет етеді. Соңғы жылдары мектепке жас мамандар келіп, кадрлық əлеует нығая түсті. 2023 жылы жаңа физика, химия жəне биология кабинеттері жабдықталып, оқу процесінің сапасы артты. Биыл мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Ал «Ертөстік» балабақшасында 35 бүлдіршін тəрбиеленуде. Балабақшада 19 қызметкер еңбек етеді.
Балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта дзюдо үйірмесіне 42 оқушы қатысып, спорттық дайындықтан өтуде. Жалпы, спорт саласында да серпінді өзгерістер бар. 67 миллион теңгеден астам қаржыға жаңа спорт ангары салынып, балалар мен жастар тұрақты түрде спортпен айналысуда. Сонымен қатар ауылдың 50 жылдық мерейтойы қарсаңында заманауи Street Workout кешені пайдалануға берілді. Жаңа спорт алаңы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды əлеуметтік нысанға айналды.
Қоскөлдегі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің пайдалануға берілуі ауыл медицинасы үшін маңызды оқиға болды. Заманауи медициналық нысан тұрғындарға алғашқы медициналық көмекті сапалы көрсетуге мүмкіндік беріп отыр. Мекеме жаңа жедел жəрдем көлігімен қамтамасыз етілген. Бұл шалғай ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін едəуір арттырды.
Ауылдағы клуб пен кітапхана тұрғындардың мəдени өмірінің орталығына айналған. Биыл клуб ғимаратына модульдік қазандық орнатылып, материалдық базасы жақсарды.
2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өрт сөндіру бекеті бүгінде толық материалдық-техникалық жарақтандырылған. Биыл жаңа гараж іске қосылып, облыстық төтенше жағдайлар департаменті арнайы өрт сөндіру көлігін табыстады.
Қоғамдық тəртіпті ауылдық полиция инспекторы қамтамасыз етеді. Дегенмен шешімін толық таппаған мəселелердің бірі – малды ұйымдасқан түрде бағу. Бақташы тапшылығы салдарынан теміржол бойында малдың пойыз астына түсу оқиғалары əлі де кездеседі. Бұл – алдағы уақытта бірлесіп шешуді қажет ететін өзекті мəселе.
Болашақтың бағыты
Қоскөлдің даму жоспары нақты жобалармен толыққан. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025–2027 жылдары сүт өнімдерін өндіру, қасапхана ашу, жылыжай ұйымдастыру, шаштараз, шиномонтаж шеберханасын іске қосу жəне жылқы шаруашылығын дамыту көзделген. Бұл жобалар ауыл экономикасын əртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайып келгенде, Қоскөл – табиғи əлеуеті мол, еңбек дəстүрі қалыптасқан ауыл. Соңғы жылдары əлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы, білім мен денсаулық сақтау нысандарының заман талабына сай жабдықталуы, спорт пен мəдениетке жасалған қолдау ауылдың жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын көрсетеді.
Сонымен қатар ауылдың болашағы үшін шешімін күтетін мəселелер де жоқ емес. Ауыз су жүйесін жаңарту, мал бағу мəдениетін жетілдіру, кəсіпкерлікті дамыту жəне халық санын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғаса бермек.
– Қоскөлдің бүгінгі келбеті – мемлекет қолдауы мен ауыл тұрғындарының бірлескен еңбегінің нəтижесі. Ең бастысы – ауылда даму бар, жоспар бар, еңбекке деген сенім бар. Демек, Қоскөлдің ертеңіне деген үміт те нық, – дейді ауыл əкімі Нұрлан Жүгінісов əңгімесін түйіндей келіп.

