Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевты Түрікменстанға шақырды
Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесу өткізді.
– Қазақ-түрікмен қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Сондай-ақ стратегиялық әріптестік сипатына толық сай. Экономикалық ынтымақтастығымыздың деңгейі жоғары. Үкіметтер өзара сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Бұған елдеріміздің барлық мүмкіндігі бар. Энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар жүзеге асыру сатысында тұр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға да қолайлы жағдай жасалған, – деді Қ.Тоқаев.
Түрікменстан Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
– Түрікменстан Қазақстанмен ынтымақтастыққа баса мән береді. Елдеріміз арасында белсенді саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жандануда. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз биыл күзде Түрікменстанға ресми сапармен келесіз деп күтемін. Сондай-ақ Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына арналған халықаралық форумға қатысуға шақырамын, – деді Түркіменстан Президенті.
Кездесу барысында екі ел басшысы сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ және көлік-логистика салаларындағы қазақ-түрікмен ынтымақтастығының даму перспективасын талқылап, мәдени-гуманитарлық қатынастарды кеңейту мәселесін қарастырды.