Саяси реформалар ел өміріне елеулі өзгерістер әкелетініне сеніміміз мол
Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Ата заңға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты бағытты ұстанатын, алға қарай даму жолындағы мемлекетпіз. Соңғы бір жылда елімізде болған саяси өзгерістер, атап айтқанда, Жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Президент сайлауы, Парламент мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сайлауы, және ауылдық округтегі әкімдер сайлауы және тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар екенін атап өтті.
Біздің басты мақсатымыз белгіленді. Жалпы, ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақтың қолында, мемлекет дамуы орныққан реформа арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – халықтың тұрмыс тіршілігін жақсарту, өмір сапасын мен табысын арттыру болып табылады. Соңғы жылдары елдегі саяси, экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, түптеп келгенде азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқаны анық.
«Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегендей елдегі қандай өзгерістер болмасын, бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осыған орай билік институттары мен халық етене жақын болып, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыруды жүзеге асыруға бірге атсалысу керек. Бұл бәріміздің азаматтық борышымыз деп санаймыз.
Саят БАЛМАҒАНБЕТОВ,
«Қазақстандық спортшылар одағы» РҚБ Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры.