Сәтбаевта күн электр станциясының құрылысы жүргізілуде

Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында инвестор қаражаты есебінен күн электр станциясының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Жоба өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға серпін береді.

Жобаны іске асыру үшін қала аумағынан 28 гектар жер учаскесі бөлінген. Болашақ станцияның қуаты 4,9 мегаваттты құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына шамамен 30 адам тартылған. Нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін 11 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Күн электр станциясының экологиялық маңызы да зор. Мамандардың бағалауынша, жоба іске қосылған соң атмосфераға шығарылатын көмірқышқыл газының көлемі жыл сайын 7,2 мың тоннаға дейін қысқарады. Бұл қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық тұрақтылықты нығайтуға және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға қосылатын маңызды үлес болмақ.

Аталған жоба өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырумен қатар, «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған бастамалардың бірі ретінде өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.