Сәрсенбай ҚОТЫРАШОВ: «ЮНЕСКО тарапынан моральдық қолдау зор»
Қазақ даласын жаяу шарлап шығуды мұрат тұтқан ұлытаулық жиһанкез Сәрсенбай ҚОТЫРАШОВ Қарағанды қаласынан өткен соң Теміртауда аялдаған еді. Бүгінде есімі жалпақ жұртқа танылған, көптің жүрегі дауаламайтын іске тәуекел етіп, талайды тамсандырған ақсақалды қошеметпен күтіп алған елдің ортасында болып тілдесудің сәті түсті. Ақсақал алға қойған мақсатын түсіндіріп, сапарының барысы қалай өтіп жатқанын айтып берді. Сонымен…
– Аға, Теміртауға қош келіпсіз! Өзіңізді сонау Ұлытаудан шыққан сәттен бері бақылап, жанашыр болып жүрміз. Жүздесудің сәті бүгін түскен екен. Сапарға ұзақ дайындалдыңыз ба? Алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Рахмет! Қазақ даласын аралап шықсам деген ой бұрыннан болған еді. Бірақ, уақыттың ыңғайы биыл түсті. Арнайы дайындалдым деп айта алмаймын. Мені осы жолға өмірдің өзі дайындады. Еңбек ете жүріп шынығып, шыңдалдым. Сондықтан да тәуекел деп сапарға шықтым. Жасымыз да біразға келіп қалды. Ертең соңымдағы ұрпағыма не қалдырамын? Қай ісіммен олардың есінде қаламын? Сондықтан да алдыма үш түрлі мақсат қойып, белді бекем будым. Алғашқы мақсатым – Ұлытауды насихаттау. Қазақ хандығының бастауы, Ұлық ұлыстың орталығы болған өңірді білмейтіндер көп. Соларға Ұлытаудың қасиеті мен қадірін жеткізсем деймін. Осы арқылы ішкі туризмнің дамуына, тарихымызды танытуға сәл де болсын үлес қосуды жөн көрдім. Екіншіден, ел ішіндегі қолөнершілерді тауып, бастарын қоспақпын. Егер мен 1 000 қолөнерші тапсам, ЮНЕСКО бізге сайт ашып береді. Сол арқылы халықаралық көрмелерге қатысуға, халықаралық деңгейде жұмыс істеуге мүмкіндік аламыз. Ал, үшінші мақсатым – халқымның ұмыт қалған мерекесі «Қымыз күнін» насихаттау және күнтізбеде бекіттіру.
– Осы «Қымыз күніне» кеңірек тоқталып өтсеңіз…
– Қазақ даласында Қазан төңкерісіне дейін Қымыз күнін тойлау дәстүрі болған. Кейін билік большевиктердің қолына көшіп, алдымен ірі байлардың, одан соң ұсақ шаруаның малы тәркіленді. Соңы ұлы жұт – ашаршылыққа ұласты. Бұл аз болғандай, қазақ даласында 70 жыл бойы ұлтсыздандыру ұраны күш алып, тамырымыздан ажырап қалдық қой. Талай дүниеміз ұмытылды. Соның бірі – Қымыз күні. Мен жүрген жерімде «Қазақтың қандай ұлттық мейрамын білесіңдер?» деп сұрай жүремін. Елдің айтатыны жалғыз мейрам – Наурыз. Бірақ оның шығу тегі сонау парсы жұртына барып тірелетінін ғалымдар дәлелдеп қойған. Яғни, дәл қазір Қазақстанның күнтізбесінде ұлттық мейрам жоқ. Менің көздегенім – осы кемшіліктің орынын толтыру. Осы сапарға шығардың алдында этнограф ғалымдармен сөйлескен едім. Олардың айтуынша, қазақ ертеде Қымыз күнін жайлауға толық көшіп болған сәт – жаздың ең ұзақ күні 22 маусымда тойлаған екен. Қазір бұл мерекені Ресейдің құрамындағы аз жұрт Саха халқы ғана атап өтеді. Біз ел ретінде осы бір дәстүрлі мерекемізді қайта тірілтуіміз қажет. Сонда ұтарымыз да көп болмақ. Алдымен, ауыл шаруашылығына қолдау танытамыз. Қымыздың насихатын келістіріп, оның саудасын қыздыруға ықпал етеміз. Қымыз ішкен адамның ағзасы тазарып, денсаулығы жақсаратыны анық. Демек, ұлттың да саулығына үлес қосамыз. Мұны екі деп қойыңыз. Үшіншіден, қымызды ұлттық сусыны санайтын түбі бір түркі елдеріне үлгі болып, бұл мейрамды келешекте халықаралық деңгейде атап өтуге болар еді. Осы арқылы бауырлас елдердің арасындағы достық, бауырмалдық байланыстардың дамуына үлес қосамыз. Төртіншіден, Қымыз күнін жайлауда, кең далада атап өтсек, ұлттық ойындарсыз, дәстүрлі жыр-термесіз болмайды ғой. Демек, ұлттық мәдениетіміз де жаңғыра түсер еді. Төртіншіден, татардың сабантойы тәрізді бұл күнге әлем жұртшылығы назар аударып, этнотуризм де қарқын алар еді. Жаратқан жар болып, осы сапарды аяқтасам, ел атынан Президентке хат жазып, Қымыз күнін ұлттық мереке ретінде күнтізбеге қосуды ұсынбақпын. Оған дейін жүрген жерімде айтып, елге насихаттай
беремін.
– Бәрекелді, аға, ойыңыз құптарлық екен. Ал, енді сапар жайына келсек, Сіз наурыз айының соңында жер аяғы кеңіп үлгермеген шақта жолға шықтыңыз. Күннің ызғары мен ыстығы, жауын-шашын кедергі емес пе? Жалпы күніне қанша шақырымды еңсеріп келесіз?
– Әлгінде еңбекпен шыңдалдым дедім ғой. Біз бала жасымыздан жұмысқа араласып, желдің өтінде, күннің астында жүріп еңбек еттің. Солай шынығып, шыңдалдық. Маған күн райының қолайсыздығы қолбайлау емес. Ыстыққа да суыққа да етім үйренген, жүре беремін. Тек, жауын-шашын кездері ғана жолдың жиегіне шығып, күтіп отыруға мәжбүрмін. Өйткені, қатты жылдамдықпен келген көліктер жол үстіне жиналған шалшық суды үстіме шашып, малмандай етеді. Ал, жолсызбен жүруге қоларбам жарамайды. Оның дөңгелегін осы уақытқа дейін төрт рет ауыстырдым, бірнеше аяқ киім жаңаладым. Былайша, күн сайын 30-40 шақырымды еңсеріп жүрмін. Егер арбасыз жүрсем, 100 шақырымды артқа тастауға болар еді. Бірақ, олай етсем, үгіт-насихат жүргізе алмаймын. Жол бойындағы көліктер иелері менің арбаға тағып алған жалауыма, жазуларыма бола тоқтап, жөн сұрап жатады. Оларға сапардың мақсаты туралы айтып, Қымыз күнін насихаттап келемін. Қазір танымалдылығым да артты ғой. Бұрынғыдай емес, жолда тоқтап, сәлем берушілер көп. Олардың бәрімен сұхбат құрып, суретке түсу уақыт алады. Осылайша, жүру жылдамдығым да азайып қалды.
– Аға, қанша айтқанмен алыс қашықтыққа жалғыз сапар шегіп келесіз. Түнде елсіз далада қонасыз. Елсізде ит-құс бар, оның үстіне ниеті бұзық жандар да кездесіп жатады ғой. Қорықпайсыз ба?
– Әрине, жол бойында түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Мен сапардың басталуын әдейі көктем маусымымен байланыстырдым. Өйткені, бұл уақытта бөрі тоқ болады, адамға шаппайды. Шүкір, осы уақытқа дейін түз тағысына жолыққан жоқпын. Ал, адамның жайына келсек, менің үнпарағымда, арбамда «ЮНЕСКО» логотипі салынған ғой. Кейде кекесінмен қарап, қисық сауал қоятындар да кездеседі. Оларға «Менің артымда әлемдік ұйым «ЮНЕСКО» тұр. Жоқтаушым солар. Бірдеңе болса «Сәрсенбай қайда?» деп іздеу салады» деймін. Тыйыла қояды. Әйтпесе, жалғыз-жарым адамды құл қылып алып кететін жандардың барын да естіп жүрміз ғой. Бұл тұрғыда ЮНЕСКО мен үшін моральдық қолдау болып тұр. Әрі халқымның да пейілі түзу ғой. Бірен-саран болмаса, теріс ойлы жандар кездесе бермейді. Жолда тоқтаған жұрт қалымды сұрап, барымен бөлісуге дайын. Солардың арқасында сапарымды қиналмай жалғастырып келемін.
– Денсаулық жағдайыңыз қалай? Сапар барысында дәрігерге қаралып, тексеріліп тұрасыз ба?
– Ұлытаудан шығып, Қызылордаға барған кезімде ол жақтағы ағайын күтіп алып, дәрігерге қаратты. Жасыратыны жоқ, жанашыр жандардың арасында жасымды сылтау қылып, райымнан қайтарғысы келгендер де болды. Бірақ, дәрігерлер денсаулығым 25 жастағы жігіттікіндей мығым екенін жеткізді. Шүкір. Сапар барысында сыр беріп, кедергі келтірген жоқ. Әр қалаға барған сайын ықыласпен күтіп алатын азаматтар медицина қызметкерлерін ерте келіп, денсаулығымды тексертіп тұрады. Әзірге бәрі дұрыс.
– Риясыз әңгімеңізге рахмет! Сапарыңыз сәтті болсын, аға!
Сұхбаттасқан Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.