Құрылыс алаңында болды

Өткен аптада жұмыс сапарымен Ұлытау ауданына барған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы аудан орталығында салынып жатқан аурухананың құрылысы алаңында болып, жұмыстың барысымен танысты. Қазіргі уақытта бұл жерде ғимараттың іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілуде.

Орайы келгенде айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық жерлерде медициналық қызметтің қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына орай, Ұлытау облысының кешенді даму бағдарламасына енген ауқымды жұмыстардың бірі – Ұлытау ауданының орталығында заманауи үлгідегі аурухана салу болатын. Үстіміздегі жылы осы нысанның құрылысы басталды. Ауданға жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы осы 20 орындық аурухананың құрылысын аралап, нысанның төбесін биылдан қалдырмай жауып, қыс мезгілінде ішкі жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Мамандардың айтуынша, нысан құрылысының жұмыстары кестеге сай жүргізілсе, 2024 жылы халық игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Аурухана іске қосылған, кезде бір күнде 100 емделушіні қабылдауға қауқарлы болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытау ауданындағы Әулие таудың етегінде Рәміздер алаңын ашылу туралы тапсырма бергенін көзі қарақты оқырман ұмыта қоймаған болса керек. Міне, осы маңызды нысанның да құрылысы да биыл басталған болатын. Жұмыс сапары барысында осы Рәміздер алаңы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады.
Алаңның жалпы аумағы 3 гектарды құрайды. Белгіленген жерде қазір құм төсеу, тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба кестеге байланысты келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтбаев» бағытындағы автомобиль жолының 15 шақырымына (40-55) жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарын қарады. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Аманкелді АҚШАЛ.