Ауылға шаттық сыйлады
Ұлытау ауданында ауыл тұрғындарын қуантқан тағы бір игі іс жүзеге асты. Ауданға қарасты Ақтас және Пионер елді мекендерінде заманауи балалар ойын алаңдары пайдалануға беріліп, ауыл бүлдіршіндері үшін жаңа демалыс және ойын кеңістігі ашылды.

Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада ойнап, бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін жаңа нысандар ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышына айналды. Бүгінде елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бір көрінісі ретінде бой көтерген ойын алаңдары ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың қатарына қосылды.
Жаңа ойын алаңдарының ұзындығы 20 метрді, ені 10 метрді құрайды. Кең әрі қолайлы алаң балалардың емін-еркін ойнап, дене белсенділігін арттыруына толық мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алаңдар заманауи ойын құрылғыларымен жабдықталып, қауіпсіздік талаптарына сай орнатылған.
Балалардың денсаулығын нығайту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда жаңа ойын алаңдарының ашылуы ауылдағы жас ұрпақ үшін үлкен тарту болды деуге толық негіз бар.
Ауыл тұрғындары да бұл бастаманы жылы қабылдап, балалардың қуанышына ортақтасуда. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде жаңа алаңдар бүлдіршіндердің сүйікті орнына айналып, олардың шат күлкісі ауылдың ажарын аша түспек.
Мемлекет басшысының тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмалары аясында өңірлердегі әлеуметтік нысандарды көбейту, ауылдарды көркейту және қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Ақтас пен Пионер елді мекендеріндегі жаңа ойын алаңдары – осы бағыттағы нақты жұмыстардың жемісі. Балалардың жарқын болашағы мен бақытты балалық шағы үшін жасалып жатқан мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.
Аманкелді АҚШАЛ.
