Құрбан айт – ғибраты мол мереке
Құрбан айт – мұсылман әлеміндегі ең ұлық мерекелердің бірі. Ол Ораза айтынан кейін жетпіс күннен соң басталып, үш күнге созылатын мейрам. Бұл күндері мұсылман қауым құрбандыққа мал сойып, көпшілік жиналған ортада үгіт-насихат, өсиет айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді. Қасиетті мерекенің мән-мағынасы – осында.

Осы орайда, қоғамда ізгілікті арттыратын рухани мереке – Құрбан айттың амал-сауаптарын жалпы қауымға түсіндіру мақсатында Ұлытау ауданының бас имамы Жанболат Рақымбердиевпен сұхбаттасқан едік.
– Жанболат мырза, Құрбан айт – мейірім мен қуаныш мерекесі ғой. Сондықтан, әңгімемізді Құрбан айттың дініміздегі орнынан бастасақ…
– Құрбан айт – мұсылмандар үшін ең маңызды мерекелердің бірі. Ол Ораза айтпен қатар исламдағы басты мейрам саналады. Құрбан айт ислам күнтізбесіндегі зұлхижжа айының 10 күніне сәйкес келеді. Осыған байланысты мереке күні жыл сайын өзгеріп отырады. Биыл мерекенің бірінші күні – 27 мамыр сәрсенбіге сәйкес келіп тұр. Бұл күн ресми демалыс күні болып белгіленді. Кейінгі күндері 28 бен 29 мамыр жұмыс күндері болып есептеледі.
Ал, «құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Оның шариғаттағы мағынасы – Алла Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын сақтай отырып мал шалу деген сөз. Құрбан шалу – жай ғана мал сою емес, ол шариғат талаптарына сай орындалатын жауапты құлшылық.
Жалпы айтқанда, Құрбан айт – Алла Тағаланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің ықыласы мен тақуалығын көрсетеді. Құрбан айт та намазбен басталады. Әр өңірде өзінің уақытына сай, күн найза бойы көтерілген соң, мешіттерде айт намазы оқылады да бәрі құрбан шалуға кіріседі. Айттың осы бірінші күнінде адамдар бір-бірін құттықтап, әр үйдегі жайылған дастарқаннан дәм татады. Құрбан айтта бауырсақ, шелпек нан пісіріліп, дастарқан мәзірі дайындалады. Айтқа ниеттеніп дайындалушыны немесе ынта-ықыласымен құрбандық шалушыны Тәңір мейіріміне бөлейді. Осы айт күндері үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Ең бастысы, айт күндері ортақ ғибадат – құрбандық шалу. Бұл айтулы мерекенің ең маңызды амалы. Бүгінгі күнге дейін ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал, құрбан шалудың басты мақсаты – ет немесе қан емес, адамның жүрегіндегі ықылас, шынайы ниет екенін көрсетеді. Түсіне білсек, әрбір мұсылман баласы Аллаһ разылығы үшін мүмкіндік болса, құрбандық шалғаны – сауап.
– Енді мынаны айтыңызшы, Құрбан айттың рухани мән-мағынасы қандай? Осы туралы да ақпарат бере кетсеңіз…
– Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мереке. Ұлық мейрамның тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарын, шынайы ниеттерің» («Хаж» сүресі 37-аят) делінген. Сондықтан, құрбандық – тек діни рәсім ғана емес, ол – ізгілік, жомарттық және қоғамдағы өзара қамқорлықтың көрінісі. Құрбан айт – жүректерге жылулық сыйлайтын, адамдарды жақындастыратын рухани мереке.
– Құрбандыққа қандай малдар шалынады?
– Құрбандыққа бес жасар түйе, екі жасар сиыр, бір жасар қой-ешкінің еркегі де, ұрғашысы да шалына береді. Түйені өзі немесе жеті адамға дейін бірігіп шалады. Ірі қара малын өзі немесе жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады. Бір жастан асқан қойды бір адам ғана шалады. Шалынатын малдар ақсақ, арық, соқыр, құлағы жоқ болмауы керек. Сондай-ақ, мүйізі де бүтін болу шарт. Разылыққа жету үшін дұрыс мал сойылуы тиіс. Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апарып, малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызады. Мал бауыздалмай тұрып аят оқылады. Аят білмесеңіз, дұға оқуға болады. Оқып болған соң «Бисмилләһи Аллаһу акбар» деп малды абайлап бауыздайды. Малдың жаны шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмайды және қаны толық ағып біткенін күтеді. Құрбанға шалғанға дейін де, кейін де сол жер таза болуы тиіс. Ол құрбан құлшылығына деген құрмет. Бір айта кетерлігі, Құрбандық шалу айттың бірінші күні Айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына дейін шалынады. Айтқа арналған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде беруге болады.
– Құрбан етін үлестіру әдебін де түсіндіре кетсеңіз.
– Алла Тағала үшін маңыздысы – құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Құрбан шалынғаннан кейін оның етін дұрыс үлестіру – шариғаттағы маңызды амалдардың бірі. Сүннет бойынша ет үш бөлікке бөлінеді. Бірінші бөлігі – өз отбасына, екіншісі – туыстар мен көршілерге, ал үшінші бөлігі – мұқтаж жандарға беріледі. Құрбандық етін ұзақ сақтамау керек. Реті келсе, мүмкіндігінше тез таратып жіберген дұрыс. Құрбандық шалу – мақтану емес, шынайы ықыласпен жасалуы тиіс. Өйткені, мұқтаж жандарға құрметпен қарап, олардың абыройын сақтай отырып көмек көрсету – исламның әдебі.
– Әңгіме түйінделер тұста, Құрбан айт мерекесі жайында жамағатқа ой сала кетсеңіз…
– Құрбан айт күндері жасалған әрбір жақсылық – үлкен сауапқа кенелтеді. Сондықтан, Құрбан айт – тек діни мейрам емес, адамгершілік пен мейірімділіктің ұлы мектебі деп түсінген абзал. Алла Тағала ниеттерімізді қабыл етіп, жасаған ізгі амалдарымызға береке берсін!
– Шарапатты әңгімеңіз үшін үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
