Парижге жаяу барған жиһанкез ата «Құрметті спорт қызметкері» атағын алды

Франция астанасы Париж қаласына жаяу жеткен 76 жастағы Сәрсенбай Қотыраш «Құрметті спорт қызметкері» атағын алды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.

«Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев көрнекті жиһанкез, туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағын табыстады», — делінген хабарламада.

3 наурызда басталған кезекті сапары аясында UlytauMan лақап атымен танымал Сәрсенбай Қотыраш Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция елдерін жаяу жүріп өтіп, жуырда ғана елге оралды.

Жиһанкез 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жолды жүріп өткен. Осы жетістігі үшін отандық КИнЭС рекордтар кітабына енді.

2023 жылы Атыраудан жолға шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына жетті.

Ал 2024 жылы Өскеменнен бастап Алтай, Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге дейін барған.