ӨМІРІ ӨЛЕҢМЕН ӨРІЛГЕН
Республикалық ХХХІІ «Ұлытау үні» фестивалінің аясында Қазақстанның Құрметті журналисі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ақын Мағзұмбек Машайықұлының «Өмірі өлеңмен өрілген» атты шығармашылық кеші өтті.
Қаламгердің 85 жас мерейтойының құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты кеште Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы Абзал Жайлыбаев өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлының құттықтауы мен ықылас гүлін жеткізді.
«Арқалы ақын, абыз ақсақал Мағзұмбек аға!
85 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде сіз салған сара жол — даңғыл жолға айналды.
Тіршілігіңізде тілшілігіңізге адал болғандығыңыздың, қаламыңызға деген зор құрметтің арқасында құлақ құрышын қандырар шығармалар, есті өлеңдер мен ұрпаққа мұра жинақтарыңыз туды.
«Ұлытау өңірі» газетінде алдымен журналист, 35 жыл бойы бас редактор қызметінде жүріп, басылымды басты ақпарат айнасына айналдырдыңыз. Сізге қарап бірнеше дарынды қыз-жігіт журналистика саласына құмартты. Тәрбиеңізден өткен шәкірттеріңіз барда сіздің тұлғалық қасиетіңіз тұғырдан түспейді.
Мерейлі күнде сізге ұзақ өмір, мықты денсаулық тілеймін. Қолыңыздан қалам түспей, игілік жолында еңбек ете беріңіз» – делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.
Одан бөлек Ұлытау ауданының, Сәтбаев қаласының әкімдіктері, «Ұлытау» газетінің ұжымы да ақынға деген ыстық лебізі мен ықыласын білдірді.
Жиында «Ұлар» әдеби клубы мүшелерінің, ақын балалары мен немерелерінің орындауында ақсақалдың өлеңдері оқылып, өлеңіне жазылған әндер шырқалды.