Мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін жетілдіру
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңының 3 бабына сәйкес, мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу, т.с.с. қағидаттар негізінде көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің негізгі функцияларына мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын бақылау салаларында нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жатады.
Осы орайда, департамент тарапынан тоқсан сайын мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтерді көрсету процесін құқықтық реттелуін бағалау, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды және техникалық мүмкіндіктерді бағалау, мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін жетілдіру бағыттары бойынша талдау жүргізіледі.
Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында бірқатар мәселелер анықталды.
Мысалы, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларына сәйкес, «Ветеринариялық паспорт беру» мемлекеттік қызметін беру тәсілдеріне «электрондық үкіметтің» [www.egov.kz](http://www.egov.kz) веб-порталы (бұдан әрі – портал) жатқызылған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығымен бекітілген Ветеринариялық құжаттарды беру қағидалары және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарына сәйкес, «Ветеринариялық анықтама беру» мемлекеттік қызметін беру тәсілдеріне портал жатқызылған.
Алайда, аталған мемлекеттік қызметтер порталда автоматтандырылмаған қызмет ретінде көрсетілген болатын.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығына 17-қосымшамен бекітілген «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының 2025 жылғы 14 наурызындағы жай-күйіне сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдерінің, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің қазақ және орыс тіліндегі редакциялар арасында құқықтық коллизия анықталды.
Атап айтқанда, қазақ тілінде «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы» редакциясында, орыс тілінде «Через веб-портал «электронного правительства» редакциясында жазылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне сәйкес, қазақ тіліндегі редакцияда бірінші кезеңге – 28 жұмыс күн, екінші кезеңге – 18 жұмыс күн, орыс тіліндегі редакцияда бірінші кезеңге – 18 жұмыс күн, екінші кезеңге – 5 жұмыс күн берілген.
Бұл ретте, департаментпен аталған мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, қағидалармен сәйкестендіру мақсатында агенттікке тиісті ұсыныстар жолданды.
Қазіргі таңда, «Ветеринариялық паспорт беру», «Ветеринариялық анықтама беру» мемлекеттік қызметтері порталда автоматтандырылған қызмет ретінде белгіленіп, азаматтарға электрондық форматта көрсету мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2025 жылғы 15 сәуірдегі № 110 бұйрығына сәйкес, «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері орыс және қазақ тілдерінде «Электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы» редакциясымен жазылған, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бойынша «Өтініш келіп түскен сәттен бастап отыз жұмыс күніне дейін» редакциясымен жазылған.
Нәтижесінде, «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларының қазақ және орыс тілдеріндегі редакциялары өзара сәйкестендірілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті.

