Ұлытау облысы құрылыс пен инвестиция көрсеткіштері бойынша елде көш бастады

Ұлытау облысы соңғы үш ай қатарынан құрылыс жұмыстары мен негізгі капиталға салынған инвестициялар көрсеткіштерінің өсу қарқыны бойынша республиканың үздік өңірлері қатарынан көрінді.

Ал соңғы бес айдың қорытындысы бойынша өңір аталған екі негізгі көрсеткіш бойынша республикада бірінші орынға шықты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 87,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 есеге артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 125,4 млрд теңгеге жетіп, 2,5 есеге өсті.

Қол жеткізілген нәтижелер өңір экономикасының тұрақты даму қарқынын, инвестициялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын және жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін көрсетеді.

Бүгінде Ұлытау облысында өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.