Ұлы Жеңіске 80 жыл: естелік, мақтаныш, мұра

1945 жылғы 9 мамыр – адамзат тарихындағы ең ұлы жеңістердің бірі. Бұл – тек әскери жеңіс қана емес, ерік-жігердің, бірліктің, отансүйгіштіктің жеңісі. Сол бір сұрапыл соғыста миллиондаған азамат жауға қарсы тұрып, ерлік пен жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Олар майдан шебінде де, тылда да ел үшін, болашақ ұрпақ үшін аянбай еңбек етті.

2025 жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту – тек тарихи дата ғана емес, бұл – батыр бабаларымызға деген мәңгілік тағзым. Олардың ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің іргетасы. Бұл – бізге берілген аманат. Аманатқа адал болу – өткенді ұмытпау, ардагерлерге құрмет көрсету, ел тыныштығын, татулығын сақтау.

Бүгінгі жас ұрпақ сол сұрапыл соғысты тек кітаптардан оқып білсе де, сол күндердің бағасын білуге, құрметтеуге міндетті. Өйткені бейбіт өмір – тек жеңістің ғана емес, сол Жеңісті әкелген жандардың рухының жемісі.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – тарихты ұлықтап, болашаққа тағылым беретін, елдік пен бірлікті дәріптейтін маңызды мереке. Отан үшін от кешкен батырлар мәңгі жүрегімізде!

Алмас БИБОЛОВ,
мал дәрігері.