Ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамыту
Ұлытау облысында жаңа спорт базасының құрылысы басталды. Аталмыш нысан ескек есуші спортшыларды қолдау бағытында қолға алынды. Алайда, Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ спорт базасы салынып болған қыс мезгілінде шаңғы спортын дамытуға да қолданылатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт саулығының кепілі – бұқаралық спортты дамытуға жиі көңіл бөліп келеді. Президент көтерген бастамалардың барлығы да халықтың денсаулығын жақсартып, əл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Əсіресе, балалар мен жастардың денсаулығын жақсарту үшін дамыған жəне қолжетімді спорт инфрақұрылымының болуы маңызды екенін өз Жолдауында атап өтті. «Спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету – маңызды міндеттің бірі. Өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге, республикалық жəне халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек. Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақ күресі, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс əдеттен алыстатады жəне спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді», – деген еді Президент.
Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында Ұлытау облысында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі жоғарыда сөз еткен жаңа спорт базасының салынуы. Əлгінде айтып өткеніміздей, нысан өңіріміздегі ескек есуші спортшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында қолға алынды. Орайы келгенде айта кетейік, спорттың бұл түрінен жерлестеріміз биік белестерді бағындыруда. Маусымның 14-16 аралығында Таиландта өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз Малика Тұрсын мен Виктория Фалолеева күміс жəне қола медальға қол жеткізді.
Десек те, жаңа спорт базасы өңірімізде кенже қалған шаңғы спортын дамытуға да өз септігін тигізетін болады. Ол жайында нысан құрылысымен танысуға келген аймақ басшысы Берік Əбдіғалиұлы қадап айтты. «Спорт базасының залдарын бөлуде шаңғы спорты секцияларын дамыту тұсын ескеріңіздер. Нысан бір мезгіл ғана емес, қыста да жұмыс істеуі қажет»-деді өңір басшысы өз сөзінде.
Сонымен, Жезқазған қаласында заманауи нысанның құрылысы басталды. 4 жарым гектардан астам жерді алатын спорт базасының корпусы қос қабатты болады. Бірінші қабатында ойын залы, күзет бөлімі, медициналық пункт, қойма, жылу торабы, жаттығушылар мен жаттықтырушылардың жуыну-киіну бөлмесі, шаңғышылардың киім ауыстыруға арналған орындары жоспарланған.
Екінші қабатта жаттығу залы, қабылдау бөлмесі, мəжіліс залы, ескек есу спорт түрлерінің жаттықтырушылары залы, əкімшілік, бухгалтерия, жуыну-киіну бөлмелері болмақ. Нысанның қолданысқа берілу уақыты 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.