Комиссиялар құрамына өзгерістер енгізілді
Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс XXXI сессиясы өтіп, оның барысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Мәслихат төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ тізгіндеген депутаттардың басты жиынына аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ қатысты.
Сессияға қатысушылар қатарында сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудан әкімі аппарат басшысының міндетін уақытша атқарушы Сағадат Өсербай, аудан әкімі аппаратының бөлімдері мен салалық бағыттар бойынша аудандық мемлекеттік мекемелердің басшылары болды. Аудандық мәслихатттың аудан орталығынан сыртқары аумақтарда тұратын мандат иелері, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері байланысқа ZOOM платформасы арқылы шықты.
Кезектен тыс сессияда Алмаз Қайырбекұлы мен Сағадат Абзалұлының хабарламалары негізінде аудан әкімі жанындағы түрлі бағыттар бойынша іс-әрекеттерді үйлестіру комиссиялары мен ведомствоаралық комиссиялардың, сондай-ақ, консультациялық-кеңесші органдар комиссияларының құрамына тиісті өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар мәслихат сессиясының шешімімен Ұлытау ауданы әкімдігінің жаңартылған дербес құрамына келісім берілді.
Сөз орайы келгенде комиссиялар мен әкімдіктің дербес құрамының жаңғыртылуы аудан әкімі аппараты мен тиісті салалық бөлімдердегі кадрлық өзгерістерге байланысты орын алғанын айта кеткен жөн.
Сессия тиянақталар тұста сөз алған Аманжол Батырбекұлы жыл басынан бергі кезеңде аудан аумағында қолға алынған жұмыстар ауқымы мен олардан күтілер нәтижелерге қысқаша сипаттама берді. Тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттыра түсу бағытындағы іс-әрекеттерді ілгері бастыруға мүдделі қалпын қапысыз айғақтап, атқарушы биліктің бастамаларын үнемі қолдауға әрі тізе қоса қимылдауға ынталы болғаны үшін депутаттар корпусына шынайы алғысын білдірді. Жағымды әрі жарасымды үрдістің алдағы уақытта жалғасын таба беретініне сенім артатынын мәлімдеді.
Ұлытау аудандық мәслихатының баспасөз қызметі.