Еңбек адамы — елдің тірегі
Еңбек — адамзаттың дамуы мен өркендеуінің негізі. Қоғамды алға сүйрейтін, мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қосатын басты күш — еңбек адамы. Олар көзге көп көрінбесе де, еліміздің тыныс-тіршілігінің негізін қалайды.
Еңбек адамы — бұл егістік басында маңдай терін төгіп жүрген диқан, зауыттағы жұмысшы, құрылыс алаңындағы шебер, дәрігер, мұғалім, көлік жүргізушісі — яғни қоғамға пайдалы іс атқарып жүрген әрбір жан.
Бүгінде Қазақстанда еңбек адамына деген құрмет күн санап артып келеді. Ел Президенті өз Жолдауларында қарапайым еңбек иелерінің рөліне ерекше мән беріп келеді. «Еңбек етсең — емерсің» деген халық даналығы бар. Бұл — әрбір жетістіктің артында тынымсыз еңбек жататынын көрсетеді.
Мемлекет тарапынан жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жастарды еңбекке баулу және кәсіптік білім беруді дамыту бағытында бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. “Жас маман”, “Еңбек” мемлекеттік бағдарламалары осының айғағы.
Еңбек адамына деген құрмет — ол тек сөзбен емес, нақты іспен де көрінуі тиіс. Әр азамат өз ісін адал атқарып, еңбек адамдарын бағалап, олардың еңбегін насихаттап отырса, қоғамда әділеттілік пен еңбекке деген сүйіспеншілік артады.
Қорытындылай келе, еңбек адамын ұлықтау — еліміздің жарқын болашағына салынған жол. Себебі нағыз патриот — өз ісін сүйіп істейтін, елінің дамуына үлес қосатын азамат.
Елдос ОСПАНБЕКОВ,
жастар ресурстық орталығының басшысының м.а.