Балалар қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Бала қауіпсіздігі тек ата-ананың немесе білім беру ұйымдарының жауапкершілігімен шектелмейді. Бұл – мемлекеттік органдардың, педагогтердің, ата-аналардың және жалпы қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Сондай-ақ отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Бұл қағидаттар балалардың құқықтарын қорғауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі тіректерінің бірі.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңмен де реттеледі. Заң әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетінің қорғалуына құқығын бекітеді және оны зорлық-зомбылықтан, қорлаудан, буллингтен және өзге де қауіп-қатерлерден қорғауды көздейді.
Бүгінде бала қауіпсіздігі үйде, көшеде және білім беру ұйымдарында ғана емес, интернет пен әлеуметтік желілерде де ерекше маңызға ие. Сондықтан балаларға жол қозғалысы ережелерін сақтау, өрт және судағы қауіпсіздік талаптарын білу, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақ болу, сондай-ақ интернеттегі қауіптерден қорғану дағдыларын ерте жастан үйрету қажет.
Сонымен қатар ата-аналар мен педагогтер баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге, тұйықталуына немесе қорқынышына бейжай қарамауы тиіс. Кез келген зорлық-зомбылық немесе буллинг жағдайына дер кезінде әрекет ету – баланың өмірі мен денсаулығын қорғаудың маңызды шарты.
Бала қауіпсіздігі – оның жарқын болашағының негізі. Әрбір баланың өмірін, денсаулығын және құқықтарын қорғау – баршамызға ортақ міндет әрі жауапкершілік.
