Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды.

Президент парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды, – деді Президент.