Әкеге сағыныш…
Өмірде кейбір жандар қонақ болып келіп, үнсіз ғана дүниеден өте шығады. Ал, кейбіреулер артына өшпес із, таусылмас өнеге қалдырып кетеді. Мен үшін әкем Абзал Мұсылманбекұлы – жай ғана асқартау емес, қайсар рухтың, биік адамгершіліктің және шексіз адалдықтың шынайы бейнесі еді.

Осы мақалама арқау болған кейіпкер менің әкем 1966 жылдың маусымында қасиетті Ұлытау топырағында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке ерте араласты. Бозбала шағында егін алқабының шаңын жұтып, еңбекпен шыңдалды. Кейін Отан алдындағы азаматтық борышын да абыроймен өтеп қайтты.
Алайда, 1990 жылғы күтпеген апат оның тағдырын күрт өзгертті. Мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына қосылды. Бірақ, қатал тағдырдың тауқыметіне ешқашан мойымады. Керісінше, сол ауыр сынақ оның ерік-жігерін шыңдап, өзгелерге үміт сыйлайтын шам-шыраққа айналдырды.
Бір байқағаным, әкем ел үшін жанын беретін патриот еді. Алабажақ тірліктің алауына алаңдамай, жалауына жалаңдамай кісілік болмысына дақ түсірмеді. Адамдық қалпын сақтады. Өзін емес, өзгенің қамын ойлады. Өзінің жеке азаматтық ұстанымы болды. Өзгелер үнсіз қалғанда, ол шындықты айта білді. Әділдікті ту етіп, әлсізге әркез сүйеніш бола білді.
2011 жылы «AsianWinterGames» алауын абыроймен ұстап өткен сәтінде ол тек спорттық рухты ғана емес, өмірге деген шынайы шексіз құштарлығын көрсетті.
Ал, қоғам алдындағы белсенділігі өз алдына бір әңгіме еді. «Ақсауыт» қоғамын құрып, жүздеген жанның тағдырына араша түсті. Мұқтаж жандарға қорған бола білді.
Сөйте жүріп, облыс әкімінің кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты болып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Әрбір қабылдау, әрбір кездесу ол үшін жай әңгіме емес, бір адамның үмітін ақтау мүмкіндігі еді. Билік басшыларымен кездесіп, қабылдауында болғанда жеке бастың қамын емес, елдік мәселелерді көтеретін еді. Осылайша жүріп, ерен еңбегі де бағаланды. Мемлекет тарапынан мемлекеттік награда «Шапағат» медалімен марапатталды.
Бірақ, ол үшін ең үлкен марапат – халқының алғысы мен ақ батасы болатын.
Қазір менің көңіліме мәңгілік мақтаныш пен қимас сағыныш келеді. Шын мәнінде, Абзал Мұсылманбекұлы әлсізге – сүйеніш, адасқанға – бағдаршам, елге – тірек бола білген нағыз азамат болатын. Бірақ, бәрінен бұрын, ол мен үшін әлемдегі ең қамқор, ең мейірімді әке бола алды.
Бүгін «әкешім» деп сағына еске аламын. Алланың ісіне шара бар ма?! Бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Тағдыр өз дегенін жасайды.
Өмірімнің ең ерекше, ең маңызды сәті – мектеп бітіру салтанатыма қатысуды бәрінен де қатты қалаған жандардың бірі өзіңіз едіңіз, жан әке! Менің сол қуанышымды көріп, мақтанғыңыз келгенін іштей сезетінмін… Алайда, тағдырдың жазуына қарсы тұра алмадық. Амал бар ма? Мен мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан сәтте сіздің жоқтығыңыз маған қатты батты. Бірақ, мен сіздің маған деген сенім рухыңыздың мені көріп, көктен қарап қуанып тұрғанына кәміл сендім. Менің әрбір жетістігім – сіздің маған деген үлкен сенімділігіңізден.
Сырт көзге қаншалықты қайсар, рухы биік, асқақ тұлға болсаңыз да, маған келгенде жүрегіңіз езіліп, ерекше елжіреп тұрушы едіңіз. Сіз мені бұл өмірде бәрінен де ерекше, бәрінен де қатты жақсы көргеніңізді білемін. Маған ешқашан шаң жуытпай, «қызыма тиіспеңдер, сөйлемеңдер, аузы қисық болса да байдың қызы сөйлейді» деп, әрдайым менің сөзімді сөйлеп, қорғап отыратынсыз. Өмірімде ештеңеден таршылық көрсетпей, бар жақсыны алдыма қойып, не қаласам соны алып бердіңіз, ешқашан бетімді қағып көрмедіңіз.
«Айналайын!» деп маңдайымнан иіскеген жылы сөзіңізбен маған қарап күлімдеген мейірімді көздеріңіз әлі күнге дейін көз алдымда.
Сіздің сол қамқорлығыңыз бен әкелік аппақ махаббатыңызды қазір қатты сағынамын, жан әке!
Сәл мұңайсам, «қызым» деп арқамнан қағатын сәтіңізді іздеп, жанарым мұңға, көзім жасқа толады. Өмірде сәл қиналсам, сіздің маған берген сол шексіз сүйіспеншілігіңізден, «менің қызым бәрін жеңеді» деген сеніміңізден күш аламын.
Бүгінгі сіздің артыңызда қалған игі істеріңіз бен парасатты жолыңыз – кейінгі буынға сарқылмас қазына. Сіз бұл өмірді бос өткізген жоқсыз, әр жүрекке ізгілік дәнін сеуіп кеттіңіз. Сізді еске алғанда көкірегім қақс айырылып, жүрегім сыздайды. Сіз өмірден кетсеңіз де, көңілден кетпейсіз.
Сіздің тәлім-тәрбиеңіз маған өмірлік бағдаршам. Әке, әрдайым менің жүрегімдесіз, мәңгілік мақтанышым болып қала бересіз.
Шырын МҰСЫЛМАНБЕК.

