Қауіпсіздік мәселелері сөз болды
Ұлытау облысының əкімі Дастан РЫСПЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Жиында жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары жəне халықты дəрі-дəрмектермен қамтамасыз ету туралы мəселелер қаралды.
Бірінші сұрақ бойынша сөз Ұлытау облысы бойынша Төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы Шыңғыс Самиев баяндады. Өңір басшысы өз кезегінде облыс аумағында қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін қолда бар барлық мүмкіншілікті пайдаланып, халықтың əлеуметтік осал топтары тұратын үйлерде улы газды анықтаушы датчиктер орнатудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды.
Күн тəртібінде халықты дəрі-дəрмектермен қамтамасыз етуде шалғай жатқан ауылдарға назарды күшейту мəселесі де айтылды. Бұл ретте өңір басшысы Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасына əсіресе қыс мезгілінде бақылауды күшейту міндетін жүктеді.
Сонымен қатар, облыс əкімі білім беру мекемелерінде дəрілік заттарды сақтау ережелерін бұзуға жол бермеу қажеттігін қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.
Өз тілшімізден.