Ауданның тыныс-тірлігімен танысты

Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Дастан РЫСПЕКОВ жұмыс сапарымен аудан аумағында болды. Бұл жолғы сапар ауыл шаруашылығының, денсаулық сақтау мен білім беру саласының нақты жағдайына көз жеткізуге бағытталды.

Облыс басшысы алғашқы кезекте «Бекетай баба» және «Өмірбеков» шаруа қожалықтарына аялдап, дала төсінде еңбек етіп жүрген диқандармен жүздесті. Қырман басында тау-тау болып үйілген астық – биылғы маусымның нәтижесін айқындап тұрғандай. Диқандармен әңгімелескен өңір басшысы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, науқанды мерзімінде аяқтау қажеттігін еске салды.
Сапар барысында Дастан Рыспеков Алғабас пен Қаракеңгір ауылдарының тұрғындарымен, ақсақалдарымен кездесті. Әңгіме барысында ауылдағы әлеуметтік мәселелер, тұрмыс жайы, жас буынның болашағы жайлы сөз қозғалды. Халықтың ұсыныс-пікірлері жазылып алынып, шешімін күткен мәселелер назарға алынды.
Әкім назар аударған келесі мәселе тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетудің жай-күйі болды. Қос ауылдағы фельдшерлік-акушерлік бекеттерге бас сұққан облыс басшысы медицина мамандарының жұмыс жағдайымен танысты. Әсіресе, жас мамандарды ауылға тарту, медициналық қызметтің үздіксіз әрі сапалы көрсетілуі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Білім беру саласы да сапардың басты тақырыбына айналды. Әкім ауыл мектептеріне кіріп, сыныптарды аралап көрді. Қысқы жылыту маусымына дайындық, білім сапасы, мектеп аумағының абаттандырылуы, басқа да маңызды мәселелер жіті назарға алынды. Оқу-тәрбие ошақтарында балаларға қолайлы жағдай жасау – негізгі міндет екені тағы бір мәрте айтылды.
Жұмыс сапарының түйінінде облыс әкімі саланың жауапты өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.