Архившілерге құрмет көрсетілді
Облыстағы мұрағат ісінің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерге Архившілер күнінің қарсаңында құрмет көрсетілді. Сала мамандарын марапаттауға арналған жиында Ұлытау облысы әкімінің арнайы сыйлығы да табыс етілді.
Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Архив саласының үздігі» төсбелгісіне Ұлытау облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері Ажар Алиакпарова ие болды.
Одан бөлек, айтулы күн қарсаңында бірқатар архивші Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен, Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар, арнайы комиссия шешіміне сәйкес, көп жылғы жемісті де табысты еңбегімен көрінген және облысымыздың архив ісі саласын дамытуға үлес қосқан архив саласы қызметінің 5 ардагері облыс әкімінің ақшалай сертификат сыйлығына ие болды.