Ардагерлердің Сарысу ауылына сапары
Жуырда Жезқазған және Сәтбаев қалаларының бір топ еңбек ардагерлері Ұлытау ауданының Сарысу ауылдық округіне арнайы сапармен барды. Сапардың басты мақсаты жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ортақ мүдделі тақырыптар аясында кең көлемде пікір алмасу, әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысу, жалпы ауыл ахуалын бағамдау еді.
Осы орайда топ құрамында ардагер-кеншілер Қорабай Рамазанов, Бақыт Тұңғышбаев, Мұханбетәлі Қарабатыров, Қарғабай Құлшәріпов, Ұлытау облысы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Бекболат Есенов, ардагер-металлургтер Жетпіс Шынқожаев, Төлеген Бүкіров, еңбек ардагері Бәкір Қазығұлов болғанын айта кеткен жөн.
Сапар барысында ұзақ жылдар бойы жергілікті қауымның «бас ауруына» айналған «Түйемойнақ-Сарысу» тасжолына жөндеу жұмыстарының басталғанын көріп, көңіліміз бір демделді.
Бізді ауылға кіреберістен ауылдық округ әкімі Сәтжан Құрманбаев пен ауыл ақсақалы, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі Жамсап Әшенов қарсы алды. Ауыл әкімінің ұсынысымен Сарысу орта мектебінің тыныс-тірлігімен таныстық. Білім беру ошағының басшысы Динара Еділбаева оқу сыныптары мен зертханалары, сондай-ақ, кітапхана қызметі жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Жалпы мектеп тазалығы, сыныптардың заманауи құралдармен жабдықталғаны бізді қатты қуантты.
Жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік кешеннің жұмысымен аға медбибі Гаухар Қозыбаева таныстырып, сауалдарымызға тұшымды жауап берді.
Бұдан кейін ауылдың мәдениет үйінде жалпы жұртшылық өкілдерімен, оның ішінде, ардагерлермен кездесу болды. Онда Сәтжан Бақытұлы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы кең көлемді мағлұмат берді. Өз кезегінде Жамсап ақсақал ауылдық округ аумағында іске асырылған атқарылған игі шаралар туралы баяндап облыс, аудан басшылары тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдау үшін ризашылығын білдірді.
Меймандарды басқарып келген Төлеген Бүкіров сапардың мақсаты туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Орайлы сәтте ол «Ұлытау» сериясы аясында жарық көрген кітаптар топтамасын ауыл кітапханасына табыс етті.
Ат арытып, арнайы келген қонақтар мен ауыл азаматтары өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Қос тараптың өкілдері осытектес кездесулер ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының дамуына айтарлықтай ықпал ететінін ерекше атап өтті. Мұндай қадамның өскелең ұрпақ үшін тәлім-тәрбие өзегі боларына назар аударды.
Кездесу түйінінде ауылдың қадірлі ақсақалы Жетпіс Жауқасынов бата берді.
Қорабай РАМАЗАНОВ,
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС
жанындағы ардагерлер кеңесінің
басқарма мүшесі.